Нутрициолог қазақ асханасындағы ең пайдалы ұлттық тағамдарды атады

Нутрициолог қазақ асханасындағы ең пайдалы ұлттық тағамдарды атады
(0 Votes)

Медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақ тағамтану академиясының "Нутрициология" кафедрасының доценті Елена Ушанская "Tengri Life"-ке ең пайдалы ұлттық тағамдарды атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Нутрициологтың айтуынша, қазақтардың сүт қышқылды өнімдерін пайдалы өнімдердің жеке санатына бөлу қажет.

"Ұлттық сүт қышқылды өнімдердің барлығы дерлік пайдалы қасиеттерге ие және оларға қарсы көрсетілімдер аз", - дейді маман.

Мысалы, қымыз - ішектің сауығуына ықпал ететін керемет ашытылған сусын, сонымен қатар оның құрамында адамға пайдалы және қажетті дәрумендер мен минералдар бар.

"Бір литр қымызда 1,5 килограмм апельсиндегідей С дәрумені бар. Сондай-ақ оның құрамында иммунитет пен жүйке жүйесіне пайдалы әсер ететін А дәрумені мен В дәрумендері бар. Сонымен қатар оның құрамында кальций, темір, мыс бар. Қымыз ақуызы 90 пайызға жуық сіңіріледі, бұл өте маңызды, өйткені біздің халық жануар ақуызынан тәуліктік норманы ала алмайды. Сондай-ақ, қымыз құрамында туберкулез таяқшасының өсуін тежейтін антибиотикалық заттар бар", - деді ол.

Егер бала кезден қымыз ішпеген болсаңыз, жағымсыз салдарлар орын алмас үшін ағзаны оған дайындау керек.

"Қымызды рационға қосудың арнайы схемасы бар: 50 миллилитрден бастап, күнде оның мөлшерін біртіндеп арттырып, бір стақанға дейін жеткізу керек. Осылайша, ағза қымызға үйренеді", - дейді Ушанская.

Тағы бір өте пайдалы сусын - саумал.

"Бұл сусын керемет қалыпқа келтіретін қасиеттерге ие, оны ауырғаннан кейін, тұмаудан кейін қалыпқа келу кезеңінде ағзасы әлсіз науқастарға ішу пайдалы. Ол химиотерапиядан кейін қан көрсеткіштерін жақсартуға көмектеседі. Саумал құрамында бүйрек пен асқазан-ішек жолдарына күш түсірмейтін ұсақ ақуыз бар", - дейді нутрициолог.

Шұбат, маманның айтуынша, пайдалы, бірақ басқа сусындарға қарағанда майлы, сондықтан оны артық салмақ, өт шығару жүйесі, панкреатит проблемалары бар адамдарға көп мөлшерде ішу ұсынылмайды.

Елена Ушанскаяның айтуынша, құрт - кальций мен ақуыздың көзі.

"Аздап тұздалған кұртты жүкті әйелдерге жеу ұсынылады, өйткені ол токсикоз белгілерін жеңілдетуге көмектеседі. Ол жүрек-қан тамырлары жүйесіне жағымды әсер етеді, бұл зерттеулермен дәлелденген. Ондағы кальцийдің жоғары мөлшері сүйектер мен тістердің саулығына жағымды әсер етеді", - деді нутрициолог.

Қазақтың ұлттық тағамдары негізінен тойымды етті тағамдардан тұрады.

"Қазақ асханасында жылқы еті мен қой еті басым. Қой етінде қаныққан май көп. Егер оны үнемі жейтін болсаңыз, бұл қанның липидті профилінің өзгеруіне әкелуі мүмкін, соның салдарынан атеросклероз, майлы гепатоз, семіздік, подагра дамуы мүмкін. Сондықтан қой етін аптасына бір-екі реттен артық жеу ұсынылмайды", - дейді нутрициолог.

Маманның айтуынша, жылқы еті, керісінше, диеталық етке жатады.

"Жылқы майының құрамында өсімдік майларына жақын полиқанықпаған майлар бар, сондықтан біз, тіпті, жүрегі ауыратын және семіздікке шалдыққан адамдарға жылқы еті мен қазы жеуге кеңес бере аламыз. Әрине, көп мөлшерде емес", - деді Елена Ушанская.

Бірақ қамырмен бірге ұсынылатын ет тағамын пайдалы асқа жатқызуға болмайды және мұндай тағамды көп жемеген дұрыс.

"Ет қамырмен бірге тағамның калориясын бірнеше есе арттырады. Егер жүйелі түрде бұлай тамақтанатын болсаңыз, онда майлар мен көмірсулардың шамадан тыс мөлшері болады, бұл сөзсіз салмақ қосуға және онымен байланысты проблемаларға әкеледі. Сондықтан мұндай тағамдарды бір-екі аптада бір реттен артық жемеген дұрыс және оны жаңа піскен көкөністермен және шөптермен ұсыныңыз", - деп кеңес берді нутрициолог.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT