Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында алда тұрған маңызды міндеттің бірі – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес екенін атап өтіп: «Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел», деген болатын. Жастарымыз есірткінің құлына айналып кетпес үшін оның алдын алуға үлес қосу ортақ борышымыз.
Абай атындағы жалпы орта мектебінің 11-сынып оқушыларына арнап мектеп тәлімгері мен медбикесі «Нашақорлық – қоғамдық дерт» тақырыбында танымдық іс-шара ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу, оның зияны туралы ақпарат беру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Шара барысында оқушыларға нашақорлықтың зияны мен оның салдары туралы арнайы бейнеролик көрсетілді. Бейнеролик оқушыларға шынайы оқиғалар мен деректер арқылы мәселенің маңыздылығын тереңірек түсіндірді. Медбике нашақорлықтың ағзаға тигізер ауыр зардаптарын медициналық тұрғыда түсіндірсе, тәлімгер оқушылармен бірге зиянды әдеттерден аулақ болудың жолдарын талқылады. Оқушылар тақырыпқа қызығушылықпен қатысып, бейнероликтен алған әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын ашық білдірді.