Нариман Қыпшақбаев: Ең қымбат табиғи ресурс – алтын да, күміс те емес

(0 Votes)

Су шаруашылығының ардагері, гидроинженер Нариман Қыпшақбаев Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында ішкі су заңдарының рөлі, су дипломатиясының міндеттері және Қазақстанның бірегей су ресурстарын қорғаудың маңызы туралы ой бөлісті.

Бәрі үнемдеуден басталады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында: «Табиғи ресурстарды, әсіресе, суды үнемдеу мәдениетіне келсек, ол жағынан үлкен кемшілік бар екенін мойындауымыз қажет, яғни атқарылатын жұмыс шаш етектен», - деді. Мемлекет басшысы қазірдің өзінде судың тапшылығын сезініп отырғанын, ал оны тұтыну мәдениеті төмен екенін баса айтты.

Гидроинженер Нариман Қыпшақбаев та судың шектеулі ресурс екенін, оны үнемдеу керектігін айтады.

– Халық арасында «күн ортақ», «жер ортақ», «су ортақ» деген сөз бар. Вьетнамның Хо Ши Мин деген көшбасшысы болған. Соның кітабын оқысам, вьетнамша «отан» деген жер және су дегенді білдіреді екен. Табиғаттың ресурстарына мұнай, алтын, күміс кіреді, бірақ негізгісі – су. Тұщы су көзі – шектеулі, өспейді, көбеймейді, ал суға деген сұраныс – мейлі ол өндіріс пе, адам ба, мал ма, өсімдік пе – өседі. Бұл – аксиома. Сондықтан әр мемлекет осыны түсінуі керек, – деді ол.

Нариман Қыпшақбаевтың айтуынша, «адамның қауіпсіз әрі таза ауыз суға құқығы» БҰҰ қарарында бекітілген, ал бұл ресурсты дұрыс бөлу – мемлекеттің міндеті.

– Енді өз тәжірибемді айтайын. «Суға рұқсат» алу үшін зауыттар су маманына келіп, бір тонна шойынды шығару үшін жылына қанша су керек екенін айтады. Рұқсат бермес бұрын су маманы шойынды кім өндіреді, олар әрбір тоннаға қанша су жұмсап жатқанын анықтайды. Егер Германия, Жапония немесе АҚШ сияқты басқа елдердегі ұқсас кәсіпорындардан 2–3 есе артық екені анықталса, бұл жобаға су берілмейді. Яғни, ол да аз сумен көп шойын өндіретін пайдалы технологияны қолдануы тиіс. Мұны жай мысал үшін айтып отырмын. Күріш еге ме, мақта еге ме, ауылды суландыра ма – барлығының технологиясын білу керек. Әйтпесе сен суға ие бола алмайсың, – дейді ол.

Суды үнемді пайдалану тек өнеркәсіпте ғана емес, ауыл шаруашылығында да маңызды. Ауыз судың негізгі тұтынушысы – суармалы жерлер. Нариман Қыпшақбаевтың айтуынша, әлі күнге дейін канал қазып, суды 100–200 метрге дейін айдап, бірақ аяғына дейін жетпей, су жерге сіңіп жатыр. Мұның шешімі – заманауи әдістер.

– Қазақстан бүгін барлығы 20 миллиондай халық болса, ол бір уақытта 40 миллионға да жетуі мүмкін, оны ешкім тоқтата алмайды, ол – табиғи заңдылық. Осы су бүгін жетпей отыр. Демек, суды тиімді пайдаланатын жаңбырлатқыш, құбыр, тамшылатып суару сияқты қандай жаңа технология бар, қандай жаңа әдіс бар, суды аз пайдаланатын қандай дақылдарды егу керек деп ойлану керек, – дейді Нариман Қыпшақбаев.

Ішкі тәртіп және Су кодексі

2025 жылдың сәуірінде Қазақстанда жаңа Су кодексі қабылданды. Заңнамаға алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізіліп, ол азаматтар мен экономиканы су тапшылығы мен су нысандарының ластануынан қорғауды, сондай-ақ трансшекаралық су нысандарын қорғау және пайдалану саласындағы Қазақстанның мүдделерін қамтиды.

Нариман Қыпшақбаев осы Су кодексін қабылдау мен Су ресурстары жөніндегі салалық министрлікті құруды қолдағандардың бірі болды.

– Ішкі тәртіп әлемдегі 200 мемлекеттің бәрінде бар. Әр салада ішкі тәртіп өзінің заңымен жүруі керек, соның бірі – су. Су кодексі – осы ішкі тәртіп, – деп түсіндіреді сарапшы.

Мысал ретінде ол төрт елден өтетін Сырдарияны келтіреді: Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан Сырдарияның суын алып отыр. Әрі қарай Қазақстан аумағында үш су пайдаланушы бар: елдің оңтүстігі, Қызылорда облысы, одан бөлек Арал теңізі бар. Қазақстанға келген су заң негізінде әділ бөлінуі керек: Аралды толтыру үшін, Қызылорданың бір миллион халқына, оған қоса екі миллионнан астам халқы бар Түркістан облысына дейін жеткізу керек. Мұның бәрі су заңымен реттеледі.

– Қазақта «құдайдың қара суы» деген ұғым бар, су таусылмайтын нәрсе ретінде айтылады. Бірақ шын мәнінде су таусылады. Су – шектеулі. Әр өзеннің өзінің мүмкіншілігі бар, соны жақсылап түсінуіміз керек. Сондықтан Су кодексі жазылды. Оған мен де ұсынысымды бердім. Қазақстанда су мәселесін жаңа тәртіпте, заң бойынша және ғылыми негізде жүргізем десеңіз, біріншіден, ішкі су заңын сақтау керек, тәртібін сақтау керек, – деп атап өтті ол.

Су дипломатиясы не үшін керек?

Нариман Қыпшақбаев су дипломатиясына – ортақ су ресурстарын бөлу кезінде елдер арасындағы ымыра табуға да айрықша көңіл бөлді.

Еділ, Жайық, Іле, Ертіс, Тобыл, Есіл сияқты үлкен өзендер – тұрақты өзендер. Бұлардың негізі – мемлекетаралық өзендер: Еділ мен Жайық Ресей арқылы өтеді, Шу, Талас – Қырғызстанмен, Сырдария – Өзбекстанмен өтеді, Қытаймен Іле, Ертіс сияқты 24 өзен ортақ.

– Сырдарияның маңдайында «қазақтың суы» деген сөз жоқ, ол – ортақ. Шекараны қоршап, трактормен жыртып, бекітіп қоюға болады. Ал суды олай жасауға болмайды. Өзен шекараны білмейді: бір мемлекеттен екінші мемлекетке өтеді. Сондықтан өзенді пайдалану, қорғаудың өз заңы бар, өз тәртібі бар. Соны түсіну керек. Осыдан су дипломатиясы туады. Дауласудың, төбелесудің қажеті жоқ, бұл жерде дипломатиялық жол табу керек. Міне, сондықтан су дипломатиясы – басқа дипломатияға ұқсамайтын, күрделі әрі ең маңызды дипломатия, – деп атап өтті Нариман Қыпшақбаев.

Ол Сырдария бойынша келісімдерге Кеңес Одағы ыдырау алдында қалай қол жеткізілгенін еске алады.

– 1991 жылдың 11-12 қазанында бес мемлекеттің су министрлері жиналдық. Бұрын Мәскеу арбитр болатын, су шаруашылығы «Сырдариядан қанша аласың?» деп тәртіп шығаратын. Енді ол жоқ. Өзара келісіп, «су ортақ, сондықтан ортақ мекеме құрып, бірігіп басқаруымыз керек» деп шештік. Совет үкіметі әлі тірі еді, бірақ бізге ешкім ақыл айтқан жоқ, сол шешім дұрыс болып шықты, – дейді Қыпшақбаев.

1991 жылдың аяғында Кеңес үкіметі тарап, 1992 жылдың 18 ақпанда Алматыда бес мемлекет жиналып, Әмудария, Сырдария сияқты өзендер бойынша да келісімдер жасалды.

Маманның айтуынша, су дипломатиясы дәстүрлі дипломатиядан әлдеқайда күрделі. Мұнда әділдік маңызды: егер әр республика өз жырын жырласа, жақсы нәтиже шықпайды. Келісім бойынша әр мемлекеттің үлесі белгіленеді және осы келісілген шартты сақтау керек.

– Суға деген сұраныс көбейе береді, қазірдің өзінде су жетпей жатыр, ертең одан да қиындайды, бір жылдан кейін одан да қиындайды. Сен осыны бүгін ойлауың керек – қай жерде суды үнемдеу керек, қай жерде суды сақтау керек. Мен үгіт айтып отырғаным жоқ, мамандығым бойынша білгенімді айтып отырмын. Жер жүзіндегі ең күрделі, ең шешуі қиын проблема – осы су, – деді ол.

Каспийдің суы неге азайып барады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Арал теңізінің мысалын келтіріп, жүйелі жұмыс жүргізілген жағдайда оң нәтиже болатынын атап өтті. Оның айтуынша, теңіздің тартылуы Қазақстан үшін үлкен қасірет болды, бірақ одан қорытынды жасалып, теңізді қалпына келтіру үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Каспий теңізінің тартылуы халықты алаңдатқанын айтқан Мемлекет басшысы тиісті шара қолданбаса, бұл аса үлкен экологиялық апатқа айналуы мүмкін екенін ескертті.

Нариман Қыпшақбаевтың айтуынша, Әмудария мен Сырдарияның бойында бес мемлекет орналасқан. Бес мемлекетте 60-70 миллион халық тұрады. Шамамен 8 миллион гектар суармалы жері бар.

– Екінші жағында – Арал. 1995 жылдың 26 наурызда бес президент Қызылордаға жиналды. Мен де болдым. Сонда бес президент: «Біз Аралды сақтай алмаймыз, осы 60 миллион халықтың күнкөрісіне жағдай жасайық, судың бәрі соған барады», – деп айтты. Содан Аралдың параметрін кішірейтуге келісті. Сол шешімнен кейін осындай «Кіші Арал» пайда болды. «Үлкен Аралдан» 12 шақырым бөгет салып, Кіші Аралды сақтап отырмыз. Оған қазір халық қайтып келді. Жылына 8-10 мың тоннаға дейін балық өндіріп отыр. Аралға 8 зауыт салынды, – дейді маман.

Қыпшақбаев Каспийді қалыпта ұстау үшін оған құятын өзендердің суының есебін Каспий жағасында орналасқан бес мемлекет қатты қадағалау керек екенін атап өтті.

– Ең бірінші, Каспийдің су деңгейі Еділге байланысты. Оның жылдық қоры – 250–280 млрд м³. Ал Жайық – 5–7 млрд м³. Қазіргі кезде Еділ суының азайған-азаймағаны туралы нақты ақпарат жоқ. Каспиге құятын суды басқа жаққа бұрып әкеткені туралы да ақпарат жоқ. Сондықтан барлық келетін судың балансын жасап, неге Каспий деңгейі неге төмендеп бара жатқанын анықтау керек. Бұл – мемлекетаралық мәселе, – дейді ол.

Маман осы ретте үш жыл бұрын Су ресурстары және ирригация министрлігінің қайта құрылын оң бағалайды.

– Біз үлкен Аралды жоғалттық, бірақ Кіші Аралды сақтадық. Бес президент: «Осыны сақтауымыз керек, тұрақты су беруіміз керек», – деп қол қойды. Аз су болса да, 3–4 млрд м³ су беріліп отырды. Сол сияқты Каспийді де сондай құжат арқылы қорғау керек, оны қадағалау керек. Сондықтан су ресурстары министрлігі Каспий жағасындағы мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас орнатып, жыл сайын Каспийге түсетін суды бақылау керек. Жалпы министрліктің жұмысы суды қалай үнемдейміз, қалай сақтаймыз, оны болашақ ұрпаққа қалай жеткіземіз деген бағытта жүруі керек. Өйткені ең қымбат табиғи ресурс – алтын да, күміс те емес. Ол - су, – деп қорытындылады Нариман Қыпшақбаев.

Бұған дейін президент Үкіметке Каспийді сақтау туралы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуді тапсырған еді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT