Нақты еңбек – нағыз маман иесімен бағалы

Нақты еңбек – нағыз маман иесімен бағалы
(0 Votes)

2025 жыл – елімізде Жұмысшы мамандық жылы деп жарияланып, өндірістегі нақты еңбек иелерінің мәртебесін арттыруға ерекше мән берілуде. Бұл бастама аясында мұнай-газ секторының жұмысшы кадрларына деген құрмет те арта түсті. Себебі мұнайшы – ел экономикасының қозғаушы күші. Бұл салада еңбек етіп жүрген әрбір жұмысшы – ел экономикасына тікелей үлес қосып жүрген білікті маман. Әсіресе, жер қойнауын игеретін бұрғылаушы, оператор, слесарь-жөндеуші, электрмонтер, дәнекерлеуші сынды жұмысшы мамандықтар – өндірістің жүрегі, алдыңғы шепте еңбек етіп жүрген жандар.

Мұнайшы мамандығы – тек кәсіп қана емес, үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететін еңбек жолы. Бұл салада жұмыс істейтін мамандардың әр күні – нақты әрекет пен ұқыптылыққа негізделген. Қиындық пен қатер қатар жүретін кен орнында еңбек ету – ерлікке пара-пар.

Осы жарты ғасырда Еділ мен Жайық-қос өзен аралығындағы кен алаңында талай мұнайшылар еңбек жолын бастап,  үлкен өмір жолынан өтті. Талай майталман мұнайшылар осы өңірден қалыптасты. Біз үшін, бүгінгі мұнайшылар үшін аға буынның жүріп өткен жолы қашанда қадірлі, олар қалдырған мұра бізге құнды.

 1968 жылдары алғашқы мұнайы игерілген С.Балғымбаев кен алаңында талай жұмыстар жүзеге асты. Кешегі өндіріс пен бүгінгі өндірістің арасы жер мен көктей. Өздеріңіз көріп отырғандай бүгінгі Ембі өндірісі адам танымастай өзгеріп келеді.

Басқарманың  қай құрылымын алып қарамайық, бар біліктілігін, қажыр-қайратын, күш-жігерін өзінің жауапкершілігіне алған іске арнап, өнім өндірудегі жоспарлы тапсырмаларымыздың мезгілінде, сапалы атқарылуына жұмыстанып жүрген операторлар, жөндеуші-шеберлеріміз, дәнекерлеуші, жүргізуші, инженер-техник қызметкерлеріміз, әлеуметтік қамту саласы еңбеккерлеріміз көп деген марапатқа ие болды. Әрине, бұл – жұмысшы мамандардың маңдай терімен келген еңбектің еленуі, қажырлы қызметке деген құрметтің көрінісі.

Иә, қазіргі таңда  өндірістік технологиялар жылдан жылға дамып, цифрлы жүйе енгізіліп жатқанына қарамастан, өндіріс ошағында жұмыс істейтін қарапайым мұнайшының орны ерекше. Жоғары технологияның өзі де – адамның қолымен, ақылымен басқарылатыны анық. Сондықтан бұл салаға техникалық сауатты, кәсіби білімді, жауапкершілігі жоғары мамандар қажет.

Осы ретте жұмысшы мамандықтарға жастардың қызығушылығын арттыру, кәсіптік бағдар беру, салалық колледждер мен оқу орындарында дуальді оқыту жүйесін жетілдіру – уақыт талабы. Өйткені, білікті маман – кез келген өндіріс орнындағы басты ресурс.

Біздің міндет – мұнайшы мамандығының мәртебесін көтеру, еңбек адамына құрметпен қарау және өскелең ұрпаққа бұл кәсіптің қаншалықты маңызды екенін дұрыс түсіндіру. Себебі ел дамуының берік іргетасы – осындай нақты еңбекпен қаланады.

 

Сәкен ШАРАПИДЕН, 
«Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-ның С.Балғымбаев кен орны

№1 Мұнай және газ өндіру цех бастығы

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT