Мұнайлы өңірде табиғи өсім артып отыр

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында бала дүниеге келгеннен бастап мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектерге бірінші кезекте тоқталады. Өңірлердегі арнаулы мекемелерді ескере отырып, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтің барлық түрі ұсынылуы керектігін айтады. Олардың білім алуы, әлеуметтік қолдауларға ие болуы, болашағы үшін инвестиция салу тақырыбы қозғалып келеді. Бұл тұрғыда нақты тапсырмалар қабылданып, жүйелі жұмыстар да атқарылуда. 

Кешегі 20 миллионыншы тұрғындардың дүниеге келуі, оларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмектің өзі де – балаға деген қамқорлықты көрсетеді. Осы орайда еліміздегі демографиялық ахуалға тоқталсам, өсім көрсеткіші көңілді қуантады. Елімізде 19 миллионыншы тұрғын 2021 жылы пандемия кезінде дүниеге келген болатын. Екі жыл ішінде тағы бір миллион адамға толығып отыр. Бұл есептеулердің Ұлттық статистика бюросы арқылы жүзеге асатыны белгілі. Бұл 20 миллионыншы тұрғындар 14 қарашада дүниеге келді. Азаматтардың мәліметі қолда бар демографиялық деректерге негізделе отырып жасалған. Яғни, елге тұрақты келген-кеткен, туғандар мен қайтыс болған адамдардың санына қатысты межеленіп есептелген болатын. Бұрындары адамның нешінші миллион екендігін есептеу қиынға соғатын. Өйткені, оның барлығы қолмен өңделіп, көп уақытты қажет ететін. Кезінде оны атақты демограф-статистиктердің бірі Ербол Мұсабек жасайтын еді. Бүгінде ақпараттық жүйелердің бірігуіне байланысты бұл процесстер жеделдей түсті. Баланың дүниеге келуі өте жоғары дәлдікпен және қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Ұлттық статистика бюросының деректер базасын қарағанда 14 қараша таңғы сағат 8.10-да бес бала елдің жиырма миллионыншы тұрғыны болып тіркелгендігін көрсеткен. Олар – Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола, Түркістан облыстарында дүниеге келген. Оның үшеуі ұл, екеуі қыз балалар. Елдегі жылдық өсім 1,3 пайызды көрсетіп келеді. Ал, соңғы жылдары Атырау облысындағы демографиялық өсімнің көрсеткіші қуантып отыр. Деректерге сүйенсек, мұнайлы өңірде табиғи өсім көрсеткіші артып келеді. 2000 жылдары Атырау облысының табиғи өсім көрсеткіші 4308 адам болған (авт: бұл дүниеге келген және дүниеден озған адамдардың арасындағы айырмашылық). Ал, 2012 жылдан бастап бұл көрсеткіш 10 000 төмендемеген. Содан бері 2020 жылы 13 274 болса, 2021 жылы 13 416, 2022 жылы табиғи өсім орташа көрсеткіші 13 592 адамды көрсетіп отыр. Бұл абсолюттік көрсеткіш болғанмен барлығын салыстырмалы көрсеткішпен бағалаймыз. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 2000 жылы 9,73 пайыз болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 20,4 пайызға жетті. 2021 жылы мың адамға шаққанда 20,2 пайызға, ал, 2022 жылы 19,8 пайызға промилле болды. Жалпы алған кезде Атырау облысы тұрғындарының 1 қазандағы санын алып қарайтын болсақ 701 351 адам болды. Жыл басында адам саны 693 073 адамға жеткен. Облыста қаңтар-қыркүйек айлары аралығында жалпы өсім 8 274 адам болса, табиғи өсім 9 270 адамды құраған.

Атырау облысында 382 459 адам қала тұрғыны болса, қалғаны ауыл тұрғындары. Пайызға шаққанда халықтың 55 пайызы қалалық жерлерде, 45 пайызы ауылдық өңірлерде тұрады. Атырау облысы мұнайлы өңір болғандықтан, халықтың өмір сүру жағдайының салыстырмалы түрде жақсаруына байланысты, сондай-ақ репродуктивті түрдегі оң көзқарасы осындай көрсеткішке ие болып отыр деп ойлаймын.

Аяулым САҒЫНБАЕВА,

демограф

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT