МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІЛЕРГЕ ШЕКТЕУ ЖОҚ

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІЛЕРГЕ ШЕКТЕУ ЖОҚ
фото: www.ktk.kz
(0 Votes)

 Еліміздің Ата Заңына сәйкес, әр азаматтың еңбек етуге құқығы бар. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар да тысқары емес. Кез келген топтағы мүгедектер еңбек ете алатыны бәріне мәлім, дегенмен бірінші және екінші топтағыларға медициналық комиссиядан рұқсат алуы керек. Ал, жұмысқа орналасқанда мүгедектігі бар адам дені сау адаммен тең құқылы болады. 

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 6-бабының 1-тармағына сәйкес, ешкімді де еңбек құқықтарын іске асыру кезінде шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне, жасына немесе дене кемістіктеріне, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына байланысты ешқандай кемсітуге болмайды. Еңбек шартын жасасу кезінде құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігін бұзуға тыйым салынады. Мүгедектігі бар жандарды оңалту және бейімдеу жөніндегі халықаралық еңбек ұйымының нұсқаулықтарында екі басым бағыт бар екенін айта кеткен жөн. Олар – жұмыспен қамтылу және білім беру. Яғни, мұндай тұлға жаңа білім алып, кәсіп үйреніп, жұмыспен қамтылу арқылы әлеуметтеніп, қоғамға бейімделе алады.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі 705 мың мүгедек жанның 60%-ы немесе 430 мыңы жұмысқа қабілетті жаста. Олардың тек 25%-ның немесе 106,5 мыңының жұмысы бар.

Ауданымызда да мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту жолға қойылған. Өткен жылы ауданымызда жұмысқа қабілетті мүмкіндігі шектеулі 55 адам болса, оның 50-і жұмыс іздеуші ретінде аудандық Мансап орталығына тіркелген.

«Жұмыссыз ретінде тіркелген мүмкіндігі шектеулі жандардың 14-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Квота бойынша 1 адам жұмысқа тартылса, арнайы жұмыс орындарына 1 адам жіберілді. Сондай-ақ, 8 тұрғын қоғамдық жұмысқа жіберілді. Жастар тәжірибесінен өтуге 3 адам тартылды. 4 мүмкіндігі шектеулі жан кәсіби оқуға, 2 мүмкіндігі шектеулі жан мемлекеттік грантқа ие болған болатын», - дейді аудандық Мансап орталығының маманы Әсет Мырзахметов.

Биылғы жылы да ауданымызда мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселесі жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Осы жылы да жұмысқа қабілетті мүгедектігі бар 55 тұрғын анықталып отыр. Оның 30-ы орталыққа хабарласып, жұмыссыз ретінде тіркеліп үлгерген. Ал, 4 мүмкіндігі шектеулі жан қоғамдық жұмысқа орналастырылған. Алдағы уақытта да, мүмкіндігі шектеулі, жұмысқа қабілетті жандарды жұмыспен қамту жұмыстары жүргізіле бермек.

Былтырғы жылы облыс бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін мемлекет қаражаты есебінен 8 арнайы жұмыс орындарын құру жоспарланып, бюджеттен 7,1 млн. теңге және мүгедектігі бар адамдардың жалақысын ішінара субсидиялауға 2,3 млн. теңге қарастырылған болатын.

Бұл қаражат кресло-арбамен жүріп-тұратын, есту және көру қабілетінен айырылған мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс берушілерге арнайы жұмыс орындарын жарықтандыру үшін құрал-жабдықты сатып алуға, монтаждауға және орнатуға кеткен шығындарды өтеу мақсатында беріледі. Арнайы жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған адамдардың жалақысы ай сайын субсидияланады.

Былтырғы жылы облыс бойынша жұмысқа қабілетті мүгедектігі бар 1182 адам жұмыспен қаму орталықтарына хабарласып, оның 1019-ына (86,2%) әлеуметтік қолдау түрлері көрсетілген.

Яғни:

- тұрақты жұмысқа орналасқаны – 273 адам (оның ішінде квотамен 77 адам орналасты);

- ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілгені – 328 адам;

- әлеуметтік жұмыс орнына – 17 адам;

- жастар тәжірибесіне 35 жас түлек жіберілді;

- «Алғашқы жұмыс орыны» жобасына 7 адам жіберілді;

- «Күміс жас» жобасы шеңберінде 50-ден асқан 18 адам жұмысқа орналасты;

- Бастау-Бизнес жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқуға 289 мүгедектігі бар адамдар жолданды;

- 4 адам ТШО арқылы оқу курстарына жолданды;

- 41 мүгедектігі бар адамдар мемлекеттік грант алды (400 АЕК);

- 7 мүгедектігі бар адам арнайы жұмыс орындарына орналастырылды.

Әр адам – қоғамның бір бөлшегі. Ол мүмкіндігі шектеулі жан болса да, қашан да қоғамға пайдалы әрі керекті тұлға. Өзінің ерекшелігіне қарамай, білім мен білік дағдыларын меңгерген, өз мемлекетіне сүбелі үлес қосып жүрген мұндай жандар зор қошеметке лайықты деп білеміз!

Ж.ҚАМЗА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT