Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мобильді аударымдардың артық тұстарын түсіндірді. Сонымен қатар аударым жасаудың заңды тәсілі туралы айтып берді.
«Мобильді аударымды ұялы телефонға баланс арқылы қабылдау кейбір жеке кәсіпкерлердің ойлап тапқаны болуы керек. Әр клиент оның ұялы телефон нөмірін теруі керек, бұл ыңғайсыз. Клиент өзіне ыңғайлы төлем түрін таңдай алады. Өзім клиент ретінде баланс түрінде аударым жасамаймын, банк картасы немесе QR арқылы төлеймін. Оның үстіне банк картасы немесе QR арқылы жасалған төлемге кешбэк беріледі» - деді Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Қаржы министрі орынбасарының айтуынша, кейбір кәсіпкерлердің мұндай әдіске баруы уақытша құбылыс.
«Жеке кәсіпкерлерге қойылатын қазіргі талап – мобильді аударымдарды үш ай ішінде 100 адамға және 100 төлем жасауға рұқсат, одан аспауы тиіс. Мобильді операторлар арқылы төлем қабылдау жаппай тараған жағдайда біз ол әдісті бақылауға аламыз», - дейді вице-министр.