Биылдан бастап елімізде мобильді аударымдарға шектеу қойылғаны белгілі. Ондағы түпкі ой – көпшілікке ыңғайлы тәсілді қиындату емес, заңсыз кәсіпкерлік қызметті «көлеңкеден» шығару еді. Өйткені, көптеген бизнес иелері сауда мен қызмет ақысын аударым арқылы алып келген болатын. Олар бизнесті кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіп келді. Тиісінше, түбіртектер берілмей, тұтынушының құқығы бұзылып, табыстан түсетін салық көлемі де өзгерді. Сондықтан енді әртүрлі тұлғалардан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударымдар алған тұлғалар тексеріледі.
Бүгінде осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? Біз Атырау облысы мемлекеттік кірістер департаменті №2 камералдық мониторинг бөлімінің басшысы Серіккерей Қуановпен сұхбаттасқан едік.
– Алғашқы сұрағым, туыстар мен достарға ақша аударуға бола ма? Оларға қандай да бір шектеу қойыла ма?
– Жеке тұлғалар бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін туыстарына, достарына, ата-аналарына, балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға байланысты мобильді аударымдар жасай және қабылдай алады. Бұған қатысты ешқандай шектеу жоқ.
– Жасыратыны жоқ, қазір кейбір кәсіпкерлер онлайн төлемдерді қабылдаудан бас тартып, тек қолма-қол ақшамен төлем жасауды талап ете бастады. Бұл қаншалықты заңды?
– «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңның нормаларына сәйкес түрлі төлем тәсілдері қарастырылған. Яғни, банк картасымен, QR төлемімен немесе қолма-қол ақшамен деп нақты айтылған. Сондықтан, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады және тұтынушылардың құқықтарын бұзады.
Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады. Ал, қайталап бұзған жағдайда 147 680 теңге (40 АЕК) көлемінде айыппұл салынады. Мұндай деректер анықталған жағдайда тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына жүгінуге болады.
– Түсінікті. Редакциямызға хабарласқан такси жүргізушісі кассалық аппаратты өздерімен бірге алып жүре алмайтынын айтқан еді…
– Жеке тасымалдаушылар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Мұны «e-Salyq Business», «Egov Mobile» және кейбір екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары («Halyq bank», «Kaspi bank», «BankCenterCredit») арқылы жасауға болады. Атап өтер жайт, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау үшін онлайн режимінде кәсіпкерлік банк шотын ашуға болады, сол жерге көрсетілген қызметтер үшін төлемдер түседі. Ол үшін сізге тек смартфон қажет. Кассалық аппараттар мен POS-терминалдарды алып жүрудің керегі жоқ.
– Бұл бастама кәсіпкерлердің «көлеңкеге» кетуіне әкелмей ме?
– Бүгінде салықтық міндеттемелерді адал орындау әлдеқайда тиімді. Меніңше, қазір елімізде бизнес жүргізуге және оны дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Салық режимдерінің тәртібі жеңілдетілді, салық мөлшерлемелері қызмет түріне байланысты тек 1-4 пайызды құрайды. Егер мұндай жағдайда кәсіпкер мобильді аударымдар қабылдаса, онда ол қазірдің өзінде «көлеңкеде» қалып, салық органының бақылауында болады.
Осылайша, әділдік және міндетті салық салу принциптері жүзеге асырылады. Бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейді және жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталғанын ұмытпауымыз шарт.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан: Айбөпе САБЫРОВА