Мұнай бағасы қалай құбылады – сарапшылар ОПЕК-тің мұнай өндіруді арттыру жоспары жайында

(0 Votes)

АСТАНА. KAZINFORM – Сәуірден бастап ОПЕК+ 8 елі мұнай өндіру көлемін біртіндеп арттыра бастайды. Бұл жайт Қазақстанға және жалпы мұнай бағасына қалай ықпал етуі мүмкін екенін сарапшылардан сұраған едік. 

 ОПЕК неліктен мұнай өндіру көлемін арттырмақ?

«PetroCouncil» Қазақстанның мұнай-газ кеңесінің төрағасы Асылбек Жәкиев ОПЕК+ елдерінің мұнай өндіру көлемін тәулігіне 138 мың баррельге арттыруға қойылған шектеуді алып тастау шешімі шикізат бағасын тұрақтандыруға бағытталғанын айтады.

— Баға тым қатты құлдырап, одан кейін әрине тым өсіп кетеуі керек. Өйткені, мұнайдың бір баррелінің құны тым жылдам көтерілетін болса, онда ол да өндірушілерге теріс әсерін тигізеді. Бұл бірінші кезекте тұтынушы елдерге ауыртпалық салады. Олар сатып алу көлемін қысқартуға мәжбүр болып, энергияның жаңа көздерін іздеуге тырысады. Бұдан өндірушілердің тікелей не жанама зардап шегетіні анық. ОПЕК+ әрекеті сұраныс пен ұсыныс теңгерімін түзету үшін қажет, - деді сарапшы.

Мұнайдың қазіргі бағасы

— Сәрсенбі, 5 мамыр күні мұнай бағасы үшінші сессия қатарынан құлдырап келеді. Себебі, АҚШ-тың Канада, Мексика және Қытайға баж салығын көтерумен байланысты қауіппен қатар сәуірде ОПЕК+ елдерінің мұнай өндіру көлемін арттыру жоспары экономикалық өсімді баяулатып, отынға сұранысты қысқартып, инвесторлардың көңіл-күйіне теріс әсер етті, - деп хабарлады Reuters.

Ақпарат агенттігінің жазуынша, гринвич уақытымен сағат 02:00-де Brent фьючерсі 15 центке төмендеп, мұнайдың 1 баррелі 70,89 долларға дейін арзандады. Мұның алдындағы сессияда келісімшарт 11 қыркүйектен бергі ең төменгі деңгейге — 69,75 долларға дейін құлдыраған еді.

«Сауда соғысы» мұнай бағасына әсер етуі ықтимал

Сарапшылар мұнай құнына келгенде, қара алтын өндіру көлемін арттыру оның бағасының көтерілуін баяулатқанымен күрт құлдырауына жол бермейтінін алға тартады. Бұл ретте әлемдегі ахуалдың да өте жедел өзгеріп отыратынын да қаперге алған жөн.

— Жалпы алғанда мұнай өндіру көлемін біртіндеп арттыру қара алтын құны өсімін тежейді. Дегенмен мұнай бағасы бірден құлдырамайды, - деді экономика саласының сарапшысы, R-Finance қаржы кеңесшісі Арман Байғанов.

Сонымен қатар экономист «сауда соғысы» да мұнай бағасына әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

— Мұнай бағасы аздаған ауытқумен жыл бойы барреліне 70 және 80 доллар төңірегінде болады, - деді ол.

Оның пайымынша, халықаралық қаржы институттары, әсіресе АҚШ пен өзге елдердің институттары мұнай саласын қаржыландыруға онша құлықты емес. Өйткені, әлемде шикізат ресурсының баға кесімі тұрақсыз болып тұр. 

— Бұл бір жағынан кейбір елдердің баламалы энергетикаға көшуімен де байланысты. Демек бүкіл әлемде мұнай саласына қаржы салудың жеткілісіздігіне байлансты қара алтын құны қатты құлдырамайды деп ойлаймын. Мәселен, пандемия кезіндегідей. Ол 70 доллардан сәл төмендеуі мүмкін. Ал одан ары құлдырау бола қоймас, - деп атап өтеді қаржы кеңесшісі. 

Ал PACE Analytics директоры, мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмайылов қысқа мерзімді келешекте мұнай бағасы төмендейтінін айтып отыр.

— Бұл ұсыныстың артуына байланысты табиғи реакция. Бірақ, бұл базалық нарықтық тетік аясында ғана болмақ. Әлемдегі ахуалдың жылдам өзгеріп жатқанын да қаперге алған жөн. ОПЕК+ елдерінің мұнайды өндіру деңгейін арттыруына қарамастан кейбір елде оның көлемі күрт төмендеп, ОПЕК+ арттырға көлемнен де асып түсуі ықтимал. Міне, сол уақытта баға қайтадан көтеріледі. Қазірдің өзінде ОПЕК+ ұзақ мерзімді келешекте нарықтағы ахуалға байланысты өзінің стратегиясын қайта қарауы мүмкін екендігін уағдаласып отыр, - деді ол.

ОПЕК+ бағытын қашан өзгертуі мүмкін?

ОПЕК+ хабарламасында олардың «өзгеретін жағдайларға бейімделу мүмкіндіктерін» ескеретіні айтылған. Сарапшының пікірінше, бірнеше фактор жоспарланған өсімді тоқтата тұруға немесе жоюға әкелуі мүмкін.

— Мұнай бағасының күрт төмендеуі мұнай өндіруді арттырудан бас тартуға әкелуі мүмкін. Енді бұл барабар реакция, баяу құлдырау болуы мүмкін. Егер ол жеткіліксіз форматта жүрсе, әрине, ОПЕК+ өз позициясын қайта қарайды. Екіншіден, ОПЕК+ құрамына кірмейтін елдерде өндірістің күрт арту ықтималдығы. Бұл да жоспар қайта қарау үшін белгі болады, - деді Асқар Исмайылов.

Қазақстанға қолайлы

— Мұнай өндірудің шекті көлеміне қатысты міндеттеме төмендейді. Естеріңізде болса, Қазақстан мұның алдына ОПЕК+ аясындағы міндеттемелерін өте жиі бұзатын. Ал қазір бұл жағдай біршама қолайлы бола түседі. Теңіз кен орнында мұнай өндіру көлемінің біртіндеп артатынын ескерсек, бұл Қазақстан үшін жақсы, - деді мұнай-газ саласының сарапшысы. 

ОПЕК+ хабарламасына сәйкес, артық өндіру көлемі бар елдер өтем кезеңінің алғашқы айларында басым бөлігі өтелуі үшін өздерінің өтемге қатысты міндеттемелерін орындауды жеделдетуге келіскен.

Еліміздің Энергетика министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясында міндеттемелеріне адалдығын растап отыр.

— Қазақстан 2024 жылғы қаңтардан бастап артық өндірілген көлемдер бойынша өтемақы кезеңінің ертерек айларына үлкен жүктемемен жаңартылған өтемақы жоспарын ұсынуды қоса алғанда, өз міндеттемелерін орындау үшін одан әрі шаралар қабылдайды, - делінген ведомство таратқан хабарламада.

«PetroCouncil» Қазақстанның мұнай-газ кеңесінің төрағасы «Асылбек Жәкиев Қазақстан ОПЕК+ құрамында болғанымен мұнай өндіру көлемін қысқарту туралы қандай да бір заңды келісімі жоқ екенін алға тартады.

— Мұны «джентельмендік» уағдаластық деген жөн шығар. Біз ереже сақталады деп қанша айтқанымызбен, Қазақстан түрлі себептерге байланысты мұны орындай алған жоқ. Ал мұнай өндіру көлемі тек артты. Сарапшылық қоғамдастықты мұны қалай істей алатынымызға қатысты идея жоқ. Мәселен, теңіз кен орнын кеңейту жобасы іске қосылды. Ал бұл дегеніңіз нарыққа шығарылатын қосымша миллион тонна мұнай деген сөз. Мұның үстіне елімізде өндірілетін мұнайдың 70 пайызы америкалық және еуропалық корпорацияларға тиесілі. Қазақстан үлесі шамамен 20 пайыз ғана. Яғни, мұнай өндіру көлемін қысқарту үшін олармен уағдаласу қажет. Энергетика министрлігі айтып отырған қысқарту болатын болса, онда ол өзге кен орындары есебінен, мәселен «ҚазМұнайГаз» есебінен болады. Ал мұнан өзге шешімді көріп отырғаным жоқ, - деді Асылбек Жәкиев.

Бұған дейін ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов те ОПЕК міндеттемелерін орындау-орындамау Қазақстанның өз еркінде екенін айтқан болатын. 

— Біріншіден, егер ОПЕК-ті, оның мұнай көлемін алып қарасақ, ондағы біздің үлесіміз салыстырмалы түрде алғанда аз. Екіншіден, ОПЕК-тің қандай мүшесіміз? Мұны ешкім айтпайды. Біз — бақылаушымыз. Яғни, міндеттемелерді орындау-орындамау өз еркімізде. ОПЕК-ке мүше ретінде кірмедік. Мұнай бағасына әсер ету мақсатында талаптарын орындауға тырысамыз. Бірақ, менің жеке пікірім, ол міндеттеме емес. Біз өзіміздің жағдайымызға қарауымыз қажет, - деген еді Асхат Хасенов.

Айта кетейік, 3 наурыз күні Сауд Арабия, Ресей, Ирак, БАӘ, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман бұған дейін жоспарланғандай, 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап мұнай өндіру көлемін біртіндеп ұлғайта бастау шешімін растаған еді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT