Президент Жолдауынан кейін денсаулық сақтау саласында қандай өзгерістер болып жатыр? Медициналық сақтандыру жүйесінде қандай жаңа мүмкіндіктер бар? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға жауап алу үшін біз «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалы директорының міндетін уақытша атқарушысы Айнұр Таңатарқызы Стамғалиевамен сұхбаттасқан едік.
– Айнұр Таңатарқызы, Мемлекет басшысының Жолдауында медицина саласына айрықша мән берілді. Осыған орай Қор тарапынан қандай жұмыстар қолға алынуда?
– Расында да, денсаулық сақтау – елдің тұрақты дамуы мен келешегі үшін аса маңызды сала. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл бағытты үнемі назарда ұстайды. Биылғы Жолдауда да медицина саласына заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектті енгізу тапсырылды. Бұл – медициналық көмектің сапасын көтеріп, халыққа қолжетімді ету үшін қажет үлкен қадам.
Қор осы тапсырманы жүзеге асыру үшін жедел әрекетке кірісті. Медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесіне «Мониторинг» модулі қосылды. Бұрын емхана мен ауруханалардағы қызметтер жеке-жеке сарапталатын. Енді пациенттің алғашқы жүгінген сәтінен бастап, емделу жолының барлық кезеңдері бір жүйеде кешенді түрде бағаланады. Бұл тәсіл сапаны нақты бақылауға мүмкіндік береді.
Қазір жүйеде 20-дан астам автоматты тексеру алгоритмі іске қосылған. Медициналық ұйым көрсеткен қызметтің заң мен стандарттарға сай екені автоматты түрде анықталады. Ақау болса – жүйе бірден белгілейді. Бұл – тез әрі әділ сараптама жасауға мүмкіндік береді.
– Бұл жаңашылдықтар қандай нәтиже беріп жатыр?
– Қазіргі нәтижелер көңіл қуантады. Ақаулар саны азайды, медицина ұйымдары талаптарды бұрынғыдан мұқият орындай бастады. Бастапқы кезеңде біраз сұрақтар туындады – алгоритмдер қалай жұмыс істейді, жүйедегі ескертулермен келіспесе не істеу керек деген сияқты. Осыған байланысты Қор өңірлерде 20-дан астам оқыту мен түсіндіру жұмыстарын өткізді. Пайдаланушылардың ұсыныстары ескеріліп, жүйеге бірқатар өзгеріс енгізілді.
Тағы бір жаңашылдық – медициналық мекемелер тіркелген ақауға жүйе арқылы тікелей қарсылық білдіре алады. Құжаттарын тіркеп, өз уәжін жолдайды. Ол ақпаратты басқа облыстағы Қор сарапшылары қарап, шешім шығарады. Бұл – әділеттілік пен ашықтықты қамтамасыз ететін тиімді әдіс. Адам факторының әсері азаяды, ал сыбайлас жемқорлық тәуекелі төмендейді.
Мысалы, осы жылдың шілде айында Атырау облысы бойынша жүйеде 21048 ықтимал ақау тіркелді. Оның 8936-ы расталды. Медициналық ұйымдар 794 ақау бойынша шағым беріп, соның 680-і негізді деп танылды. Яғни жүйе тек бақылау ғана емес, әділетті кері байланыс та ұсынады.
– Жолдауда әлеуметтік осал топтарға көбірек қолдау көрсету туралы айтылды. Осы бағытта Қор қандай шаралар қабылдауда?
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі – ортақ жауапкершілік қағидатына негізделген. Бұл жүйенің басты мақсаты – ең алдымен халықтың әлсіз топтарын қорғау. 2020 жылдан бері жүйеге қатысушы азаматтар жарна көлеміне қарамай, қажет кез келген медициналық қызметті тегін пайдалана алады.
Мемлекет 15 жеңілдік санатына жататын азаматтар үшін жарнаны өзі төлейді. Олардың қатарында балалар, мүгедектер, зейнеткерлер, студенттер, көп балалы аналар және тағы басқа санаттар бар.
Сондай-ақ, 2025 жылдың қыркүйегінен бастап скринингтік тексерулер барлық азаматтар үшін, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, тегін жүргізіле бастады. Бұл – ауруларды ерте кезеңде анықтап, емдеуге мүмкіндік береді.
Қабылданған заң шеңберінде 2026 жылы МӘМС жүйесі жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен дағдарысты және шұғыл әл-ауқат деңгейі (Д және Е санаттары) бар 1 миллионға жуық адамды қосымша қамтитын болады.
Халықтың осы санаттары үшін жарналар осы азаматтардың медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін болады.
Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органның жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін тікелей жауапкершілігін ескере отырып, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС жарналарын төлеуге арналған шығыстар да жергілікті бюджеттерге жүктелетін болады.
– МӘМС пен ТМККК пакеттері біріктіріледі деген жаңалық тарады. Бұл қаншалықты рас және не үшін қажет?
– Иә, бұл – Мемлекет басшысының өткен жылғы Жолдауында айтылған маңызды тапсырма. 2026 жылдан бастап медициналық көмектің екі пакеті – Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен МӘМС пакеті біртіндеп бірыңғай медициналық көмек пакеті ретінде біріктіріледі.
Бұл реформа медицинадағы қызметтердің қайталануын жоюға, көмектің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Бірыңғай пакетке ең негізгі қызметтер – шұғыл көмек, паллиативтік көмек, әлеуметтік маңызы бар аурулар кезіндегі алғашқы тексерулер, амбулаториялық дәрі-дәрмек кіреді. Ал МӘМС пакеті бұдан бөлек созылмалы аурулар мен басқа да арнайы көмектерді қамтиды.
Мұндай жүйе қаржыландыруды тиімді бөлуге, сақтандырудың шынайы маңызын арттыруға және медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.
– Айнұр Таңатарқызы, сұхбат үшін алғыс айтамыз. Жаңа жүйенің халыққа тиімді боларына сенім мол. Қызметтеріңізге сәттілік тілейміз!
– Рақмет! Халықтың денсаулығы – бәріміздің ортақ байлығымыз. Сондықтан бұл бағыттағы әр өзгеріс – болашақтың игілігі үшін жасалған қадам.