Адам үшін 80 жыл – үлкен мерзім, бірақ тарих үшін ол – қас-қағым сәт қана. Ұлы Отан соғысы баяғыда аяқталған, бүгін оның куәгерлері де аз қалды. Сондықтан бұл оқиғаларды есте сақтау – аса маңызды. Өткенімізді ұмытып не менсінбей қарасақ, қайталану қаупі туады. Ал ол – қорқынышты.
Иә, мен салыстырмалы түрде жаспын – 1945 жылғы Жеңіс салюті мен дүниеге келмей тұрып 31 жыл бұрын атылды. Көп уақыт бойы сол жылдар туралы куәгерлердің әңгімелерін ертегі секілді қабылдайтынмын – біртүрлі алыс, нақты емес нәрсе сияқты көрінетін. Бірақ 2017–2018 жылдары мен аты аңызға айналған Брест қамалында 1941 жылдың 22 маусым оқиғаларын қайта жаңғыртуға қатыстым. Барлығы шын емес екенін біліп тұрсам да – жарылыстар мен автомат дауысын тек имитация екенін, ал шабуылға шыққан адамдар – кеше бір от басында отырған, бүгін іс-шарадан кейін қайта жүздесетін достарым екенін түсініп тұрсам да – сонда да қорқынышты болды. Әрине, мен Брест қамалын қорғаушылар алғашқы сағаттарда бастан кешкен сұмдықтың мыңнан бірін де сезінген жоқпын – өмірім қауіпте болған жоқ, еш күмәнсіз болдым. Бірақ әсері зор болды. Жүрегімді қозғады. Мен нақты айта алмаймын, бірақ, меніңше, сол сәтте әкелеріміз, аталарымыз, арғы аталарымыз не үшін күрескенін түсіндім, сезіндім. Алдыңғы ұрпақ қандай ерлік жасағанын ұқтым – тек майданда болғандар емес, тылда еңбек еткен әрбір жан үлкен үлес қосты.
Бүгін арамызда жоқ жандардың рухына мәңгілік тағзым! Батырлар алдында бас иеміз!
Талғат ІЛИЯСОВ,
кәсіпкер