«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында Президентіміз: «Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал.
Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады. Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамның абырой-беделін көтереді», деген болатын. Жолдаудан еңбек адамына деген құрметті байқайсыз.
Жалпы мемлекеттiк марапатпен ұлықтауды Қазақстан Республикасының Президентi жүзеге асырады. Осы күнге дейін ең жоғары дәрежелi ерекшелiк белгiлерi – «Алтын Қыран» орденi, «Халық қаhарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да ордендерi, «Астана 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» өзге де медальдары, құрметтi атақтары және Құрмет грамотасы – Қазақстан Республикасының мемлекеттiк марапаттары болып табылды. Құрметтi атақтар белгiлерi оң жақ, Қазақстан Республикасының ордендерi мен медальдары сол жақ омырауға тағылады.
2024 жылы 30 желтоқсан күні Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті заңға қойды. Енді мемлекеттік марапаттар жүйесіне (бұрыннан бар 6 құрметті атаққа) 9 жаңа құрметті атақ енгізілді. Бұл туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин мәлімдеді. Атап айтқанда, мемлекеттік марапаттар қатарына ғалымдар мен өнертапқыштарға, инженерлерге, сәулетшілерге және құрылысшыларға, кеншілер мен шахтерлерге, геологтарға, өнеркәсіп, көлік, ауыл және су шаруашылығы саласының қызметкерлеріне берілетін құрметті атақтар қосылды. «Бұл заңға Мемлекет басшысының «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланған жаңа 2025 жылдың қарсаңында қол қоюының символдық мәні бар. Өндіріс озаттары мен еңбек династияларының өкілдеріне тұрақты түрде мемлекеттік наградалар беріледі. Кәсіби мерекелер кеңінен аталып өтілетін болады», деді Ерлан Карин.
Экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген аудан болғандықтан қысы-жазы уақытпен санаспай жұмыс жасайтын бұл салалардың қызметкерлеріне берілетін құрметті атақтардың мемлекеттік марапаттар қатарына қосылғаны қуанышты жаңалық. Тек сол басшы-қосшыларға ғана емес, ауылдың қарапайым еңбеккерлеріне де тисе дейміз. Ауылымыздың кескін-келбетіне көрік берген ғимарттар бой көтеріп жатса, ол ауыр жұмыста шыңдалған құрыш қолды құрылысшылардың ерен еңбегі. Бұл жұмыстың ауырлығы сондай, көп адамдар оған беттемейді. Сондықтан құрылысшы атану ерік-жігері мықты, қандай қиындықтан да тайсалмайтын мықтылардың нәсібі. Малдың қоңдылығын сақтап, бағып-күтіп, таңмен тұрып өріске шығарып, қыстың суығында, жаздың ыстығында желдің өтінде жүретін еңбеккер жандар қандай құрметке де лайықты. Көк теңіздің төсінде дауылмен алысып, ел игілігін еселеп жүрген балықшы да одан тыс қалмауы тиіс. Жыл сайын жер қопарып егін салып, маңдайдан аққан терін қолымен бір сүртіп тастап, оның өсіп кетуі үшін бар күш-жігерін аямайтын, халыққа өз өнімін ұсынып жүрген егіншілер де мұндай атақты алуы қажет. Дастарханымызда дәмі тіл үйірген ет, бал татыған балық, дәрумені мол көкөніс тұрса бұл солардың еңбегінің жемісін татқанымыз. Аталған салалардың озаттары Президент қолы қойылған құрметті атақтарды алып жатса, ел үшін еңбек етуге деген құштарлықтары артып, кейінгі жастардың оларға қарап бой түзері анық.
Қанат ҒҰМАРОВ