Былтыр мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру, тиімді HR-құралдарын енгізу, мемлекеттік органдардың кадрлық әлеуетін нығайтуды көздейтін арнайы тұжырымдама бекітілді. Оған сәйкес «Мемлекеттік қызмет туралы» құжатқа 7 заңмен өзгерістер енгізіліп, 26 нормативтік-құқықтық акті қабылданған. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2024 жылғы қорытынды есебі тыңдалған алқа отырысында айтылды.
Жиында агенттік төрағасы Дархан Жазықбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызметті жаңғыртуда алға қойған міндеттердің сервистік және адамға бағдарланған қағидаттары негізінде жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
– «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасын әзірледік. Жаңа заң мемлекеттік қызметтегі еңбек қатынастарымен қатар қоғам мен мемлекеттік аппараттың өзара іс-қимылының жаңа парадигмасын реттейді. Сондай-ақ іріктеу жүйесін жаңғырту, ерте кәсіби бағдарлау тетіктерін енгізу, горизонталды өсу мүмкіндіктерін қарастыру, қызметшілерге әлеуметтік кепілдіктерді жақсарту мәселелерін қайта қарау көзделген. Заң жобасы аясында 70-ке жуық заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілер жаңа редакцияда дайындалады, – деді ол.
Былтыр көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді бақылау іс-шараларының қорытындысы нәтижесінде 150 мыңнан аса бұзушылық анықталған. Оның 37%-ы қашықтан жүргізілген мониторинг арқылы белгілі болды.
– Анықталған бұзушылықтардың 61,3%-ы немесе 92 мың факті қызмет көрсету тәртібін бұзумен байланысты болып отыр. Бұзушылықтар бойынша қызмет беруші 1 600-ден аса адам тәртіптік жауапкершілікке, 458 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекет кірісіне айыппұл түрінде 40,7 млн теңге өндірілді. Бақылау шаралары нәтижесінде 1 918 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, оның 837 немесе 44%-ы қашықтан мониторинг арқылы қалпына келтірілді. Мәселен, 325 адамға жер учаскелері беріліп, 143 учаскенің нысаналы мақсаты өзгертілді, 284 сәулет-жоспарлау тапсырмасы түзетілді, – деді Д.Жазықбай.
Жиынға Президент Кеңсесінің бастығы Бақытжан Сариев, Президент Әкімшілігінің лауазымды тұлғалары, Парламент депутаттары, Мемлекеттік қызметтің өңірлік хабы, қоғамдық ұйым өкілдері, агенттік жанындағы алқалы органдардың мүшелері қатысты.
-Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметтің тиімділігіне ерекше мән беріп отыр. Себебі мемлекеттік қызметтің қоғамдағы рөлі айрықша. Бұл саланы жетілдіріп, жаңғырту – агенттіктің басты міндеті. Президенттік жастар кадр резервін жасақтау ісі жалғасын тауып келеді. Өйткені ол тиімділігін көрсетіп жатыр. Бүгінде резерв мүшелері мемлекеттік қызмет пен ұлттық компаниялардың жауапты лауазымдарында қызмет етіп отыр. Осы жылға жоспарланған кезекті іріктеуді жоғары деңгейде өткізу қажет. Өңірлік кадр резервінің мүмкіндіктерін кеңінен қолданған жөн. Қазіргі кезде резервке алынған 537 адамның 110-ы әртүрлі лауазымдарға тағайындалған. Осыған байланысты агенттіктің аумақтық департаменттері әкімдіктермен бірлесіп, пәрменді шараларды қабылдауы қажет, – деді Президент Кеңсесінің бастығы Бақытжан Сариев.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің Біріккен Араб Әмірліктерінде, Еуропада, Түркияда, Әзербайжанда және басқа елдерде біліктілікті арттыру аясында тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасалған. Д.Жазықбай агенттік мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласындағы озық әлемдік тәжірибені зерделей отырып, шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты кеңейтуді, ғылыми зерттеулер компонентін күшейтуді жалғастыратынын жеткізді.