Әдептілік – мемлекеттік қызметтің басты ұстанымдарының бірі. Мемлекеттік қызмет жүйесінің қалыптасуында мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігімен қатар, әдептілігі өте маңызды.
Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің моральдық және әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылады. Олардың жұмысы, іс – әрекеті мен қызметтік әдебі үнемі бақылауда, халықтың назарында. Сол себепті, мемлекеттік органдарға қоғам тарапынан сенімді нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі қабылданды.
Әдеп кодексіне сәйкес, мемлекеттік қызметші барынша сыпайы, адал, сабырлы, ұқыпты, қарапайым болуы қажет, сондай-ақ шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттарды таратпауға, өзінің іс – әрекетімен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға міндетті.
Еліне қызмет етуші маман өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін кәсіби қызметіне жұмсауға міндетті, Әдеп кодексінің талаптарын сақтап, тәртіптік теріс қылықтарға жол бермеу керек. Мемлекеттік қызметтің өзіндік ерекшелігі – мемлекеттік қызметшілердің әдептілігімен қатар, сыртқы келбетіне ерекше талап қойылады. Сондықтан да мемлекеттік қызметшілердің моральдық бет-бейнесі мен әдебіне сырт келбеті де сай болуы қажет.
Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта да жалпы қабылданған моральдық – әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін жағдайларға жол бермеуі тиіс. Ал бұл талаптардың сақталуын қарайтын институт – Әдеп жөніндегі кеңес болып табылады.
Кеңес отырыстарында мемлекеттік қызмет заңнамалары мен Әдеп кодексін сақтау, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтарын алдын алу, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтары қаралып, тиісті шешімдер қабылданады.
Сондықтан мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылатындығын және мемлекеттік қызметшілердің моральдық – әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қоятындығын есте сақтауы қажет. Себебі қоғам, мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына адал қызмет етеді деп сенеді.
А.Ж.Асанова,
Мақат аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының у.м.а