Менің Жарлығыма сәйкес Алик Жатқамбайұлы Шпекбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы лауазымынан босатылды. Агенттікте оның басшылығымен жемқорлықпен күресте ауқымды жұмыс атқарылды.
Осы құрылымның қызметі айтарлықтай жаңғырды. Жемқорлыққа қарсы бірқатар жобалар мен бастамалар қолға алынды. Солардың қатарында «ADALDYQ ALANY», «ANTIKOR ORTALYGY», «ADAL BILIM» және тағы басқалары бар.
Алик Жатқамбайұлына осы қызметтегі табысты жұмысы үшін алғыс айтамын.
Бүгін менің Жарлығыма сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы лауазымына Марат Мұратұлы Ахметжанов тағайындалды. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол маман. Әділет министрлігінде, Бас прокуратурада басшылық лауазымдарды атқарды. Кезінде Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің орынбасары болды. Сондықтан мен оны осы лауазымға тағайындау туралы шешім қабылдадым.
Жалпы, мемлекеттің қауіпсіздігі және халықтың әл-ауқаты жемқорлықпен күресте жүзеге асырылатын жүйелі әрі тиімді шараларға тікелей байланысты.
Осыған орай, Агенттік алдында бірқатар маңызды міндеттер тұр.
Біріншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды барлық деңгейде тиімді жүргізу үшін кешенді жұмыс атқару қажет.
Мұндай шаралар қылмыстық қудалау әрекетімен ғана шектелмеуі керек. Ондай тәсілдің кері әсері болады. Мемлекеттік аппарат шешім қабылдаудан тартынып, бюрократияға бой алдырады және лауазымды тұлғалар жеке жауапкершілік алудан жалтарады.
Агенттік жұмыс барысында жіберілетін қателіктерді қасақана жасалған қылмыстардан ажырата білуге тиіс. Сондай-ақ, кінәлі адамды қылмыстың барлық құрамы болған кезде ғана жауапқа тартуы қажет.
Екіншіден, қоғам өкілдерінің белсене атсалысуы және алдын алу шаралары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басты құралдарына айналуы керек.
Қазіргі таңда менің тапсырмам бойынша «Қоғамдық бақылау туралы» заң дайындалып жатыр.
Бұл құжат мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ, белсенді азаматтарға құқықтық бақылау құралдарын береді. Осы заң жобасының әлеуетін барынша пайдаланып, қоғамды жемқорлықпен күресуге кеңінен тарту қажет.
Үшіншіден, қылмыстық жолмен алынған мүлікті іздестіру және тәркілеу ісіне баса мән берген жөн. Мұны «follow the money» қағидаты дейді.
Қылмыстық жолмен алынған дүние-мүлікті тәркілеу жөніндегі бұлжымас қағидат сыбайлас жемқорлыққа қатысты кез келген іс-әрекеттен аулақ болуға ынталандыруға тиіс. Бұл жұмысты Агенттік қаржы мониторингі органдарымен бірлесіп атқаруы керек.
Менің тапсырмам бойынша қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізіліп жатыр. Мұндай модель айыптаушылық ұстанымды бәсеңдетіп, қылмыстық процеске заңсыз араласуды болдырмайды.
Агенттікке өз қызметін қылмыстық процестің үш буынды моделіне бейімдеуді тапсырамын.
Жалпы, халықаралық озық тәжірибені ескеріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды енгізуді жалғастыра берген жөн.
Қоғам, бизнес және инвесторлар сыбайлас жемқорлық қысымынан сақтайтын мықты қорған бар екенін сезінуге тиіс.
Жаңа басшы Агенттік жұмысының тиімділігін одан әрі арттыра түседі деп сенемін.
Еңбектеріңіз жемісті болсын!