Білім беру жүйесін еңбек нарығының келешектегі сұранысына бейімдеу қажет. Бұл туралы «Digital Bridge 2023» халықаралық технологиялық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Білім беру жүйесін еңбек нарығының келешектегі сұранысына бейімдеуіміз қажет. Автоматтандыру мен жасанды интеллектінің одан әрі дамуы жаһандағы еңбек нарығын түбегейлі өзгертетіні қазірдің өзінде белгілі. Goldman Sachs келешекте жүздеген мамандық пен үш миллионға жуық жұмыс орны жойылуы ықтимал деп болжам жасап отыр. Алайда әрбір технологиялық революция кезінде адамзат баласы осыған ұқсас дүрбелеңдерді бастан кешкені тарихтан мәлім. Біздің міндетіміз – жаңа жағдайға алдын ала дайындалу», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жасанды интеллектіні қолданысқа енгізу адамдарға арналған жұмыс орындарының жаппай жойылуына алып келмейтіндігін айтты.
«Керісінше, адам еңбегі трансформацияға ұшырап, мүлдем жаңа кәсіби дағдыларға сұраныс пайда болады. Сондықтан қызметкерлерді жаңа дағдыларға мектептен бастап баулу қажет. Осыған орай, ең алдымен, цифрлық сауаттылық пен информатиканы оқыту сапасын арттырған жөн. Ол үшін білікті ұстаз тапшылығын шешу қажет. «Astana Hub» халықаралық технопаркінде білім беру платформасы табысты жұмыс істеп жатыр. Сол арқылы жоғары оқу орнының студенттері бағдарлама жасауды үйренеді. Үкімет барлық мәселені пысықтап, мектеп оқушылары үшін осындай онлайн платформаны пилоттық режимде іске қосады деп ойлаймын», - деді Мемлекет басшысы.