«Мектепке жол»: Мақатта 600-ден астам бала әлеуметтік көмекке мұқтаж

(0 Votes)

«Мектепке жол» республикалық акциясы биыл балалар жылына орай «Шекарасыз жақсылық!» атты ұранмен өткізілуде. Биыл да қайырымдылық акциясы тамыз айының 1 жұлдызынан бастау алды. Еліміздің әр өңірінде 30 қыркүйекке дейін жалғасатын акццияның басты мақсаты - жаңа оқу жылына дайындық уақытында әлеуметтік осал топтарға, отбасында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға кәсіпкерлер, білім беру ұйымдары, еріктілер, үкіметтік емес ұйымдар, тағы басқа мекемелер арқылы қаржылай, заттай қолдау көрсету.
Осы арқылы балалардың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алды алынады.
Айталық, ауданымызда 2021-2022 оқу жылын 6010 шәкірт аяқтады. Оның ішінде, 275 аз қамтылған отбасы, 323 көпбалалы отбасы балалары, 15 қамқорлықтағы бала және 13 отбасы атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждар санатында.
Осыған байланысты биылғы жаңа оқу жылында да әлеуметтік акция шеңберінде жақсылықтың алдын алып, атаулы көмекке мұқтаж жандардың дерек қоры қалыптастырылатыны белгілі болды.
-Бұл қайырымдылық акциясында мектеп жасындағы балалар, көмекке мұқтаж отбасы балалары оқу құралдарымен, киім-кешектермен қамтылатын болады. "Мектепке жол" акциясы аясында бала көңілін қуанышқа бөлеп, көмек қолын созамын деген жандар болса, атсалысуға болады",- дейді аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айбол Долдашев.
Айта кетейік, әр жыл сайын ұйымдастырылатын республикалық акция биыл он бесінші рет қолға алынған. Аталмыш қайырымдылық шарасында он жылда 2 млн-нан астам балаларға материалдық көмек көрсетілген. Бұл акциядан бөлек, білім беру ұйымдарында «Менің таңдауым-балаларға көмек көрсету!» «Бақытты балалық шақ мекені», «Отбасы отбасыға көмек көрсетеді: Балаларды мектепке дайындаймыз!» сынды қайырымдылық акциялары ұйымдастырылатын болады.


А.Жұмабергенқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521