МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ АЭС ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӨНІНДЕ ТҮСІНІК БЕРДІ

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ АЭС ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӨНІНДЕ ТҮСІНІК БЕРДІ
(0 Votes)

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, АЭС құрылысын қолдау жөніндегі Республикалық Халықтық штаб мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов Махамбет ауданында іс-сапармен болды. Мақсат – аудан тұрғындарына атом электр станциясының маңыздылығын, тиімді тұстарын түсіндіру. 

Қазіргі уақытта Атырау облысы, Қазақстанның басқа да аймақтары сияқты, ең жоғары жүктеме кезінде Ресейден келетін электр энергиясына тәуелді. Бұл біріншіден қаржылық шығындарға әкелсе, бір жағынан экономикалық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Мәжіліс депутатының айтуынша, Қазақстанда әлі күнге дейін электр энергиясының негізгі бөлігін өндіретін көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциялары АЭС-ке қарағанда көбірек зиян келтіреді. Ал қазіргі уақытта 30 дамыған және дамушы елде 200-ге жуық АЭС жұмыс істейді. Және де олар сәтті жұмыс істеп жатыр.

– Өздеріңізге белгілі, 6 қазанда елімізде АЭС құрылысына қатысты референдум өтеді. АЭС құрылысы қазіргі таңда электр тапшылығынан құтылудың бірегей шешімі болып тұр. Бүгінде желіде электр энергетикасы саласы туралы білім жоқ азаматтар елдің үрейін тудырып, АЭС құрылысы туралы жалған ақпарат таратуда. Сондықтан энергетика саласындағы тәжірибемді ортаға салып, атом электр станциясының маңыздылығын, реакторлардың қауіпсіздік мәселесі қалай шешілгендігі жөнінде халық арасында түсінік жұмысын жүргізіп келеміз. Түркияда 2014 жылдан бері салынып жатқан «Аккую» атом электр станциясында болғанмын. Одан бөлек Чехиядағы «Темелин» АЭС-ында болып, жұмыс барысын, қауіпсіздік мәселесін көрген адам ретінде атом электр станциялары болашағымыз екенін нақты айта аламын. Жалпы қазіргі таңда көмір өндірісін банкттер қаржыландыра алмай отырғандығымен қоса табиғатқа келтірер зияны да көп. Сол себепті АЭС салып, энергия көзінің қуатын арттыру қажет,- дейді Мәжіліс депутаты.

Кездесуге қатысушылар АЭС құрылысына, оның радиациялық қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық білдірді. Спикерлер АЭС құрылысы еліміздің бірнеше өңірінде энергия тапшылығын болдырмауға, импортқа тәуелділікті азайтуға, электр энергиясының тұрақты бағасын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіндігі айтты. Референдум кезінде қазақстандықтар стансаның салынуын жақтаса, өз ұсыныстарын дайындаған АҚШ, Қытай, Ресей және Францияның 4 компаниясының ішінен арнайы комиссия оңтайлы компанияны таңдайды.

– Дамыған елдердің барлығы дерлік қазіргі таңда атом электр станциясын пайдалану арқылы халықты тиімді электр энергиясымен қамтып отыр. Шыны керек, жазғы мезгілде елімізде энергия тапшылығы сезіледі. Сондықтан АЭС құрылысын салуға байланысты өтетін референдумға барып, өзіңіздің дұрыс таңдауыңызды жасайды деген сенімдеміз,- дейді облыстық мәслихат депутаты Еркебұлан Кенжеғалиев.

АЭС-тың құрылыс алаңы ретінде Алматы облысындағы Балқаш көлінің маңындағы Үлкен ауылы ұсынылып отыр. Бұл алаң ірі халықаралық ұйымдармен бірлесіп және кеңесу нәтижесінде таңдалды. Бір жыл бұрын МАГАТЭ мамандары Балқаш көлі маңында АЭС салуға кедергі келтіретін факторлардың жоқтығын тағы да растады. Осы алаңды таңдау, ең алдымен, еліміздің Бірыңғай энергетикалық жүйесінің сенімді және тұрақты жұмысымен байланысты.

– АЭС салынған жағдайда реактордың бастапқы контурында айналатын судың Балқаш көліне құйылмайтынын білу маңызды. Ал Балқаштан келетін салқындату суы көлдің табиғи булануының 0,32 пайызын ғана құрайды. Яғни, АЭС өңірдің де, көлдің де экологиясына кері әсерін тигізбейді. Айта кетсем, бүгінде атом энергетикасы барынша қауіпсіз әрі экологиялық таза екенін түсінген кәсіпкерлер, дәрігерлер, жастар АЭС құрылысын қолдап отыр,- дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Д.Тұрғанов.

Мемлекет дәстүрлі энергетикалық қуаттарды жаңғырту және салу мәселесімен бір мезгілде жұмыс істеуде. Ал АЭС елімізді заманауи және экологиялық таза энергия көздерімен қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Медицина қызметкерлерімен өткен жиында қоршаған орта мен өңір үшін қауіпсіздік мәселелері де талқыланды. Қос кездесуде мәжілісмен Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған мақсат-міндеттерді атап өтіп, алдағы өтетін референдумға дауыс беруге шақырды.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521