Мақатта Республика күні қалай тойланады?

(0 Votes)

Он үш жылдан кейін Ұлттық және мемлекеттік мереке ретінде қайта бекітілген Республика күнін ауқымды түрде тойлау мақсатында ауданда іс-шаралар жоспары жасақталып, түрлі мәдени іс-шаралар 17 қазаннан бастап басталып кеткен болатын.

Ауданда Республика күніне орай өтетін басты «Егемендік елдігім,Тәуелсіздік тұғырым» атты салтанатты шара 22 қазан күні аудандық мәдениет үйінде және 21 қазан Доссор мәдениет үйінде «Қазақстан - атамекен, құт қонған жер» атты мерекелік концерт өткізу жоспарланған.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Естай Мақсотовтың айтуынша, Ұлттық мереке ретінде тойланатын Республика күнін бүкілхалықтық мереке ретінде қалыптастыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Мәселен, білім беру ұйымдарында патриоттық акцияны қолдау мақсатында «Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздік тірегі» атты сынып сағаты ұйымдастырылып, «Асқақтай бер, айбынды Қазақстан» тақырыбында тәрбиелік шара жалғасын табуда. Сондай-ақ, оқушылар арасында «Тәуелсіз елдің ұрпағы» атты мәнерлеп оқу сайысы, «Сен туған Қазақстаныңды білесің бе?» викториналық ойыны, «Отаным – бақыт ордасы» және «Менің Отаным Қазақстан» атты сурет көрмелері ұйымдастырылуда.

Республика күні аясында волонтерлік, қайырымдылық және ерікті ұйымдар арқылы азаматтардың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін жергілікті бизнес-қоғамдастықтарды, демеушілерді, меценаттарды тарта отырып,  «Жанашыр Жүрек» халықтық акциясы жүзеге асуда.

Одан бөлек, кітапхана ұжымдары да мәдени-рухани шараларды  ұйымдастыруды  назардан тыс қалдырмаған. Мәселен, №1 аудандық орталық кітапханасында «Қазақстан – туған елім, ұлы өлкем» тақырыбында әдеби-сазды кеш және №2 аудандық балалар кітапханасында «Мен Отанның бақытты ұлымын» атты тақырыптық кеш өткізу жоспарланса, №3 Доссор кітапханасында «Менің елім – Қазақстан» атты тарихи кеші, №9 Мақат кітапханасында «Самғай бер, менің Қазақстаным» әдеби кеші өтпек.

Сондай-ақ, Мақат кенті әкімдігінің ұйымдастыруымен «Балалар жылы» аясында балаларға арналған мерекелік сурет салу конкурсы да өз дәрежесінде ұйымдастырылмақ.

Аудан жастары да бұл мерекені атап өтуден қалыс қалмайды. Аудандық Жастар ресурстық орталығы патриоттық челлендждерге жастар мен еріктілерді тартып, «Не? Қайда? Қашан?» интелектуалдық ойынын өткізбек.

Сонымен қатар, «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» атауымен жаппай қоршаған ортаны тазарту, көшет отырғызу, т.б. экологиялық акциясы өткізілуде. Онда көшеттер отырғызылып, сенбілік ұйымдастырылады.

Республика күнінде Доссор кентінде екі нысан тұрғындар игілігіне берілмек. Алдымен Ә.Мантаев көшесіндегі «Отбасы аллеясы» ашылса, кейіннен Х.Аухатов көшесіндегі «Доссор паркінің» де ашылу салтанаты болмақ.

Ұлттық мерекені тойлау Доссор балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнирімен жалғасады.

«Республика күніне арналған «Қыран елім – Қазақстаным!» патриоттық акциясын қолдау мақсатында аудан, кент, округ орталықтарында Мемлекеттік Әнұранның жаппай орындалуы, орталық саябақта жастарға арналған жаппай серуендер ұйымдастырылады», – дейді Естай Мақсотов.

Бөлім басшысы бұл шаралардың барлығы өскелең ұрпақтың бойында туған еліне, жеріне деген махаббатты сіңіріп, патриоттық сезімді тәрбиелеуге көмектесетінін айтады.

 

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Сурет: ашық дереккөз

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT