Орыстың әйгілі физиолог ғалымы, академик И.Павлов «Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деп мал дәрігері мамандарының мәртебесіне қатысты орынды пікір айтқан екен. Өйткені, адамның өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ветеринарияның атқаратын міндеті зор.
Тіршілік атаулыға қауіп төндіретін көптеген індеттік аурулар адам мен жануарларға ортақ болып келетіні, көпшілік жағдайларда адамға жануарлардан тікелей, немесе олардан алынатын түрлі өнімдер арқылы жұғатыны белгілі. Сол себепті, бұл салада қауіптің алдын алу мақсатында диагностикалық тексерулер мен ветеринариялық-профилактикалық шаралар ұдайы жүргізіліп отырылады. Ветеринария қызметінің миссиясы – жергілікті атқарушы органдар құрған ветеринариялық стансалардың қызметтерін үйлестіре отырып, аймақта жануарлардың аса қауіпті ауруларынан эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету деген дұрыс. Ауыл шаруашылығына негізделген біздің аудан үшін мал дәрігерлік қызметтің алар орыны ерекше. Бұл ретте төрт түлік малдың түрлі қауіпті кеселге шалдықпауын, олардан алынатын өнімдердің адам денсаулығына зиян келтірмеуін қамтамасыз ету бағытында тынымсыз еңбек ететін мал дәрігері мамандардың қызметі ерекше екені айтпаса да түсінікті.
Осы салада жемісті еңбек етіп жүргендердің бірі – Дулатбек Нұрғалиев. Ол Атырау ауыл шаруашылығы техникумын ветеринария мамандығы бойынша тәмамдап, 2012 жылдан бері Сафон ауылдық округінде ветеринариялық пункттің меңгерушісі қызметінде. – Биылға арналған жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасы бағытында ветеринариялық іс-шаралардың жоспары бекітілді. Оған сәйкес түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы алдын алу егу жұмыстары мемлекет тарапынан тегін жүргізіледі. «Ветеринария туралы» Заңның 13-бабына сәйкес жануарлардың жұқпалы емес және инвазиялық ауруларына ақылы түрде қызмет көрсетіледі. Мемлекет қолдауының аясында уақтылы ауруға қарсы екпелер келіп тұрады. Алдын алу жұмыстарының дер кезінде жүргізілуі нәтижесінде ауылдың эпизоотиялық жағдайы тұрақты.
Округтегі ветеринариялық пункт орман шаруашылығы мекемесінің ескі ғимаратында орналасқан, қажетті құрал-жабдықтармен, қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етілген, - деген маман қасында бір ветеринар фельдшер көмекшісі барын жеткізді.
Ауылда 2300 бас ірі қара, 1200-дей уақ мал, 1500 бас жылқы, 33 бас түйе тіркелген. Жыл басынан бастап барлық мал басына Сібір жарасына, аусыл, қарасан, оба ауруына қарсы жоспар бойынша алдын ала екпе егілді және жылқы, сиырдан қан алынып, сарып ауруына қарсы сынама жүргізілді. Мал ішінде төлдеу кезінде кездесіп тұратын азын-шоғын аурулар, басқа да арық-тұрақтық салдары болмаса округте ауыл шаруашылық жануарлары аса қауіпті ауруларға шалдыққан жоқ. Тұрғындарға аурудың алдын алу шаралары туралы түсіндіріліп отырылады.
Мал дәрігерінің қызметі қашанда қауіп-қатермен қатарласа жүреді. Жылдың қай мезгілінде болсын, белгілі бір ауруға шалдыққан төрт түлікті ветеринар тексеріп, оған ем-дом шараларын жүргізеді. Кей жағдайларда мамандарға ауру түрін анықтау үшін малдың өлексесімен де жұмыс істеуге тура келеді. Сібір жарасы, туберкулез, бруцеллез, қарасан сияқты аса қауіпті жұқпалы аурулармен күресуге мәжбүр. Аталған ауру түрлері адам денсаулығы үшін қаншалықты қауіпті екені мәлім. Жалпы ветеринарлардың күнделікті атқарып отырған жұмыстарының маңызы зор. Осындай жұмыстарды жауапкершілікпен атқаратын Дулатбек Рысбекұлының аудандық ветеринариялық бөлімдегі ұжымдастары арасында айтарлықтай беделі бар. Үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісінің, аудан әкімінің, салалық басқарманың Алғыс хаттарының иегері. Жаста болса өз кәсібінің білгірі саналады, біліктілігін арттыру мақсатында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде сырттай оқып жүр. Кішкентайынан малсақ бала атанған ол үлкен өмірге таңдау туындағанда бірден мал дәрігері мамандығын қалады. Жалпы мал емдеу оның қанында бар, кезінде аталары оқымаса да төрт түліктің арасында болып тұратын жіті ауруларды емдеумен атағы шығыпты. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың үстіміздегі жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, көп елене бермейтін бірқатар кәсіп иелерінің мәртебесін көтеруге бастамашы болуы ветеринария саласының да тамырына қан жүгірткендей. Атаулы жылдың аясында еліміздің жұмысшы мамандықтарын әлеуметтік қорғау жүйесі біртіндеп дамып келеді, бірақ әлі де жетілдіруді қажет ететін аспектілер бар. Сала мамандарының ветеринариялық іс-шараларды атқарудағы жұмыстары өте ауыр және аса қауіпті ауруларға қарсы тірі вакциналармен тікелей жұмыс жүргізеді. Алайда, зияндылығы бойынша ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Сондықтан да еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын кәсіптердің тізбесіне енгізілуі қажет дегенді айтады. Жұмысшылардың құқықтарын қорғау, еңбек шарттарын жақсарту және әлеуметтік қолдауды күшейту – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.
Айбек НӘЖІМОВ