ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлан Ермаханбетов Махамбет ауданында жұмыс сапарымен болды.
Департамент басшысы алдымен аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевпен бірге аудан активімен жиын өткізіп, мемлекеттік қызмет саласындағы жаңашылдықтарға және нормативті құқықтық актілерге енгізілген өзгерістерге тоқталып өтті.
Жиын барысында қызметкерлермен пікір алмасып, олардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Сондай-ақ, МБА-ның Атырау облысы бойынша филиал директоры Еркебулан Ғабдығапаров мемлекеттік органдардың қажеттіліктеріне өзара тығыз байланыста білімін, дағдылары мен икемділігін үздіксіз арттыру мақсатында Академияда білімін шыңдауға шақырды.
Бұдан бөлек, Әдеп жөніндегі уәкіл Фарида Ахметова мемлекеттік қызметшілердің әдеп стандарттарын сақтай отырып, халық алдында мінсіз бейнені қалыптастыру қажеттігіне тоқталды.
Сонымен қатар, Департамент басшысы іссапар кезінде жеке қабылдау өткізіп, азаматтардан келіп түскен сауалдарын қарастырды.
Одан өзге, ауданның жас белсенділерімен кездесіп, облысымызда алғаш рет өткізілетін Өңірлік кадрлық резервке іріктеудің тәртібімен талаптарын баяндап, талантты жастарды іріктеуге белсене қатысуға шақырды.
Атап өту қажет, Іріктеуге:
35 жастан аспаған;
жоғары білімді;
3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар
Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.
Кандидаттардың құжаттарын қабылдау 1-31 наурыз аралығында onir.pkrezerv.gov.kz. сайтында жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті баспасөзі