Майнинг компаниялары энергияны мақсатты пайдаланады

Майнинг компаниялары энергияны мақсатты пайдаланады
Сурет: vlast.kz
(0 Votes)

Мемлекет басшысының биыл 2 қыркүйектегі халыққа Жолдауында елдің оңтүстік өңірінде атом электр станциясының құрылысын бастау үшін жалпыұлттық референдум өткізу туралы батыл шешім қабылдауы халық арасында түрлі пікірлер туындатты. Кім қалай десе де, екіұдай пікірдің басым көпшілігі Қазақстан үшін атом электр станциясының қажеттігіне қарай ойыса береді.

Ал, келешекте АЭС жұмысына майнингтік компаниялар тәрізді оңай табыс табушылар кеселін тигізуі де ғажап емес. Осыған орай, энергетика кешенінің халықаралық дәрежедегі білгірі, техника ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, АЭС құрылысын қолдау жөніндегі халықтық штабтың мүшесі Дүйсенбай Тұрғановтан тақырыпқа орай түсінік беруін сұрағанбыз.

– Олай болуы мүмкін емес. Өйткені, Қазақстанда мұндай компаниялардың жұмысын реттейтін және жауапкершілігін арттыратын нормативтік-құқықтық актіні біз Парламент Мәжілісінің VII шақырылымында, яғни 2022 жылы қабылдадық, — деді Дүйсенбай Нұрбайұлы. – Әрине, бұрын майнингтік компаниялар «көлеңкелі» тәсілмен жұмыс істеп, табыс тапқаны рас. Енді олар заңды түрде тіркеліп, арнайы келісім-шарттың негізінде жұмыс жүргізеді. Сондықтан, заңсыз табысқа жол берілмейді.

Мәжіліс депутатының айтуынша, дәл қазір Қазақстанда энергия тапшы. Ал, майнингтік компаниялар жаңадан қабылданған заң талаптарына сәйкес тек энергожүйедегі артық қуат көзін ғана, яғни профицитті тұтынуы тиіс.

Күні бүгін отандық майнингтік компаниялар шетелден импортталған энергияны сатып алып отыр. Бірақ ол үшін міндетті түрде есептеу-қаржы орталығының рұқсаты болуы керек. Онсыз бұл компаниялар энергия ала алмайды. Д.Тұрғанов бұл тұрғыда күні бүгін де, АЭС салынып жұмысын бастағаннан кейін де күмән-күдік туындауы мүмкін еместігін, қабылданған заңның талаптары да осыған негізделгенін атап көрсетті.

Назарбек ҚОСШИЕВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT