Мақаттық ұстаз Мұрат Қайыров оқушыларға ұлттық асық ойынды насихаттап жүр

(0 Votes)

Манай, ханталапай, бүк-шік. Бұл атаулар бала күнінен асық ойнап өскендер үшін жақсы таныс. Себебі бұрынғының балалары санасын ғаламтор улаған қазіргі жеткіншектерге қарағанда далада жиі ойнайтын. Сол көптеген ойындардың ішінде асық ату ойыны бүгінде ересектер үшін өткен күндегі тәтті естеліктердің біріне айналғанды.

Дегенмен, қазір «кез қайда асық атып, ләңгі ойнаған», - деп ностальгияға бой алдырудың қажеті жоқ. Асық ойыны жаңаша формат алып, тек қана оқушылар емес, кез келген жастағылар арасында ресми жарыстар жиі өтіп тұрады. Ойыншы ретінде де, жаттықтырушы ретінде де ауданымызда ұлттық ойынымыздың бір түрі асық спортының дамуына елеулі үлес қосып жүрген жандар бар. Солардың бірі – Мұрат Қайыров.
Ол 1982 жылы Атырау қаласында дүние есігін ашқан ол 1988 жылы Мақат кентіндегі қазіргі Хамза Санбаев атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 1999 жылы үлкен өмірге қанат қағады. Ауылда өскен әр бала секілді Мұрат та кішкентайынан асық ойнауға құмар болды. Сол қызығушылығы оның өмірлік серігіне айналды. Педагогикалық еңбек жолын 2012 жылы Мұса Баймұханов атындағы орта мектебінен бастаған кейіпкеріміз 2016 жылдан бастап асық ату ойынын мықтап қолға алады. Оқушылары да қатысқан жарыстардан құр қол қайтпайтын болды.

«Алдымен асық туралы мәліметтер беріп, асық түрлерін көзбе-көз көрсетіп, түсіндіру арқылы қызығушылықтарын ояттым. Сабақтан тыс уақытта оқушыларды қосымша сабаққа шақырып, білімдерін шыңдадым. Олар қоңырау кезіндегі үзілістерде көптеп келіп, өз білгендерін, көргендерін ортаға көрсетіп, бір-бірлерімен тәжірибе алмасты. Бастапқыда оқушылар арасында асықты ұстай алмайтын балалар көп болды. Сондықтан оларға бірден үйреніп кету оңайға соқпады», - дейді ол оқушыларды спортқа баулу жолындағы алғашқы қадамдарын еске алып.

452de696-b385-4049-a20e-4b3f42bc6d2c

Мұрат асық атудан мектепішілік жарыстар ұйымдастырып, шәкірттерінің қызығушылықтарын одан сайын оятады. Сол жылдары ұмытылып бара жатқан асық ойындары қайта жанданып, аудандық, облыстық, республикалық көптеген жарыстар ұйымдастырыла бастайды. Ауданнан қарсылас шақ келтірмеген оның оқушылары облыстан да үздік шығып, республикалық турнирларды жібермейтін жағдайға жетті. Асық ойыны біреулер үшін жай ермек болғанымен, шәкірттерінің жүлделерін қоспай-ақ, Мұраттың өз жетістіктері бастан асады. Ол 2017 жылы облыстық «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарында асық ату мен мәлік тебуден І орын, 2018 жылы «Тұғыры биік – туған ел» атты республикалық асық ойыны турнирінде ІІІ орын, 2020 жылы Атырау аймақтық дене тәрбиесін және спортты дамыту орталығының мұғалімдер арасында мәлік тебу ойынынан І орын, ал, былтыр Түркістан қаласында өткен асық атудан ҚР Чемпионатының жекелей біріншілігінде жүлделі ІІ орын иеленіп, федерацияның «Алтын сақа» төс белгісін, облыстық «Ақбидай» ауыл спорты ойындарынан асық атудан І орын және «Ұлы дала ұлттық ойындары мен дәстүрлері» атты фестивалінде мәлік тебуден І дәрежелі дипломмен марапатталған. Байқағаныңыздай, кейіпкеріміз асық пен қатар мәлік ойнаудың да шебері. Ал шәкірттерінің алды жоғарғы оқу орындарын бітіріп,қазіргі таңда өз ізбасарларын тәрбиелеуде.

«Ата-бабамыздан ұзақ ғасырлық көш-керуен арқылы үзілмей жалғасып келе жатқан асық ойыны күш- жігерді жетілдіріп, дәлдікке, мергендікке үйретеді. Адам денесі қимыл-қозғалыс арқылы шынығып, шымыр болады. Еліміздің бүгінгі жас өрендеріне тарихын танытып, ұлттық ойындарды дәріптеу мақсатында оқушыларға асық ойынын насихаттауды азаматтық борышым деп есептеймін», - дейді 4 және 5-сыныптардағы өзінің қос ұлы жолын жалғаған әке.
Ендеше, мақсаты анық, жоспары көп спортшы-педагогқа оқушылармен бірге аудан абыройын асқақтата беруді тілейміз!
P.S. Біз хабарласқан уақытта да Мұрат Қайыров кезекті жарысында жүрген еді. Әдеттегіше қанжығасы бос қайтпады. Қостанай қаласында «Кейкі батыр» атындағы халықаралық турнирде Қзақстанның түкпір-түкпірінен және Ресей мен Моңғолиядан келген асықшылардың арасында оның командасы екінші орынға қол жеткізді.
А. Есжан

364c30aa-d6d9-4c9d-be43-ae1db6cf6c5d

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT