ЛУДОМАНИЯ – ҒАСЫР ДЕРТІ

ЛУДОМАНИЯ – ҒАСЫР ДЕРТІ
фото: aikyn.kz
(1 Vote)

Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасы Президенті

Қазіргі жастардың санасын улап, олардың психикасына кері әсер етіп, болашағына балта шапқан проблемалардың бірі лудомания болып отыр. Еліміз үміт артып отырған жастарымыздың мұндай жолға түсуіне не себеп? Ең алдымен лудомания деген не? Осы сұрақтар төңірегінде ізденіп көрдік.

Ажырасудың бір себебі

Лудомания немесе гэмблинг – ойын құмарлық. Латын тілінен аударғанда Homo ludens ойнаушы адам дегенді білдіреді. Ойын құмарлықтың салдары адам өміріндегі отбасылық, материалдық құндылықтардың төмендеуіне әкеп соғады. Халықаралық класссификацияның тізіміне көз жүгіртсек, лудомания халықаралық қауіпті аурулардың тізіміне енгізілген. Кейінгі жылдары казиноның, ойын автоматтарының көбеюіне және оларды пайдаланушылардың санының артуына байланысты елімізде лудоманияға құмар адамдардың саны артып келеді. Тез және оңай жолмен ақша табу немесе жеңіл ұтыс иелену үшін бұл жолға түсу өте қауіпті. Өйткені ұтылған ақшаны қайтару үшін барынан айырылып қалып жатқан жандар жетерлік. Лудомания – жай ғана ойын түрі емес, оның астарында ажырасу, еңбек тәртібінің бұзылуы, абыройдың бұзылуы, жеке тұлғааралық қатынастардың болмауы сынды проблемалар жатыр. Қазақстан былтырғы жылғы статистика бойынша ең көп ажырасу орнайтын мемлекет ретінде әлем бойынша екінші орынға тұрақтады. Ал, сол ажырасу фактілерінің жиілеуінің бір себебі ретінде осы лудомания тізімде тұр. 2023 жылғы статистикаға сүйенетін болсақ, аталған жылда лудоманияның зардабынан ажырасушылар тобы 40%-ды құраған. Ажырасу себептерінің бірі ретінде ойынқұмарлық ішкілікке салыну, маскүнемдіктен кейінгі екінші орын да тұр. Әрине, мемлекетіміздің әлем елдері ішінде ажырасу бойынша көш бастап тұрғаны және сол факторлардың көбі лудоманияның салдарынан болатыны өкінішті.

Жарнамасы «жарқырып» тұр

Психологтардың пікіріне сүйенер болсақ, лудомандардың 95%-ы онлайн казиноның және түрлі ойын автоматтарының ойыншылары. Лудомандар қатарының көбеюіне заңсыз ойындар мен онлайн казино жарнамаларының өткірлігі де әсер етеді. Әлеуметтік желіге кірсең де, өзіңе қажет мәліметті жүктегің келсе де, рахаттанып отырып кино көргің келсе де, алдыңнан шығатын жарнаманың түрі тек осы құмар ойындарға шақыру. Ол жарнамаларды өткізіп жіберуге болмайтындығы тағы бар. Ақыр соңында өз керегіңді алу үшін жарнаманы толық көруге тура келеді. Сол аз ғана уақытта ойсыздарды ойынға шақыру ісі үгіт ретінде жүріп жатады. Осы секілді жарнамалар сырт көзге жай ғана жарнама, ақша жасаудың жолы болып көрінуі мүмкін. Ал, шынтуайтына келгенде, осындай жарнамалардың кесірінен көптеген шаңырақтың керегесі сөгіліп, айрандай ұйып отырған отбасылар шайқалып жатыр. Бұл жағдай, әрине, өкінішті. Елімізде тәулік бойы халыққа қызмет ететін орталықтар жоқ, есесіне тәулік бойы үздіксіз жұмыс жасайтын букмекерлік кеңселер, түрлі компьютерлік клубтар бар. Мұндай жарнамалардың әдемі мұқабамен шығып, санының көбеюі жастарды тура жолдан адастыруға бірден-бір себеп.

Ойынға құмар әйелдер де бар

Лудомания әлем кеңістігіне кең таралған. Жиырмасыншы ғасырдың 70-80 жылдарында белең алған бұл ойын түрі уақыт өте келе өте үлкен проблемаға айналып отыр. Ғасыр дертіне айналған лудомания бойынша тізімде тұрған азаматтардың қатары күн сайын артуда. Бүгінде олардың саны 350 мыңнан асып отыр. 2019 жыл мен өткен жылды салыстыратын болсақ, елімізде бәс тігушілер және құмар ойындарға тәуелді азаматтар саны бірнеше есе көбейген.

Лудоманияның жаппай белең алуы тек еркектер қауымын емес, нәзікжандыларды да осы жолға алып келуде. Жыл сайын лудомандардың саны артпаса, кеміген емес. Ал, бұл қатарға нәзікжандылардың қосылуы ғасыр дертінің әкелген зардабының тек бір сорақы көрінісі. Айта кететін жайт – құмар ойындарға тәуелді болу әйелдер қауымында еркектерге қарағанда өте ауыр формада өтеді. Лудоманияға келудің ең басты факторларының бірі ретінде жеке бастың проблемаларын ұмыту үшін ойынға тәуелді болу айтылады. Ойындарға құмарлықтың пайда болуына әйелдердегі депрессия мен еркектердің алкоголизмге салынуы себеп болып жатады. Және бұл ойын түрі жас талғамайды. Еліміздегі лудомандардың жас ерекшелігі 21 жастан 55 жасқа дейінгі аралықты құрайды. Кей жағдайда психиатр мен психолог дәрігерлердің көмегіне жүгіну сәттері орын алады. Елімізде тіпті құмар ойынға салынып, 10 милллионға дейінгі қаражат қарыз болған жағдайлар тіркелген.

Жеңістің жеңілісі

Лудоманияның қалыптасу себептері ретінде оңай алкоголизм, депрессия көш бастап тұрғаны жоғарыда айтылды. Алайда лудомандар санының артуына әсер етуші факторлар бұнымен шектелмейді. Бұл тізімге наркомания, жалғыздық сезімі, әртүрлі психикалық бұзылыстар, оңай олжаға кенелу мен қанағат сезімінің жоқтығы да кіреді. Оңай олжаны сезінгісі келген жандар тек бір рет ойнап, оңай жолмен келген ақшаны еселеп алғысы келеді. Алайда, онлайн казино, автоматты ойындардың барлығының да адамды әуреге салар жері сол. Ең алғашқы жеңіс оңай жолмен және тез келуіне байланысты адамдар осы жеңісті тағы да қайталап көруге тырысады. Бірақ бір рет қана келген жеңіс неше еселеп жеңіліске ұшыратып жатады, соны ескеру керек.

Лудоманиядан бас тартып, емделгісі келетін азаматтардың бұл құмар ойындардың шырмауынан шығуы да көп әурешілікке салады. Бір ғана лудоманның бұл дерттен толықтай айығып кетуіне ең кемі 5 ай уақыт қажет болады. Өзекті мәселеге айналып отырған лудомандардың бұл шырмауға кіруі сәт сағаттың арасында болса да, мұндай арам жолдан толықтай бас тартып кетуі орасан еңбек пен ерік-жігерді талап етеді. Лудоманияның халықаралық аурулар тізіміне еніп отырғандығы да сондықтан.

Тірі роботқа айналу

Лудоманияның дамуы үш сатыдан тұрады. Атап айтқанда:

алғашқы саты – ұтыс сатысы;

екінші саты – ұтылу сатысы;

үшінші саты – түңілу сатысы;

Ұтыс сатысы әлеуметтік гемблингке, ұтылу сатысы қарқынды гемблингке, түңілу сатысы проблемалы гемблингке жатады.

Ұтыс сатысы кездейсоқ ойынға тап болу, ұтыстардың жиіленуі, оңай олжаға кенелу сынды көрініс береді. Алайда оның қайтарымы оңай болмайтынын ұмытпаған жөн.

Екінші саты, яғни ұтылу сатысы адам ойының тек ойынды ғана ойлауымен, жұбайының, отбасының жағдайын қамтамасыз етпеуімен, тұлға характерінің өзгеруімен, ашушаңдық, өтірік айту, өтірік мақтаныштың орын алуымен суреттеледі. Екінші сатының тағы бір үлкен минусы – тұлғаның үлкен мөлшерде қарызға кіруі. Қарызға тек өзі ғана кіріп қоймай, өзгелерді де қарызға белшесінен батыру, бірақ одан өзін кінәлі сезінбеу екінші сатының белгілерінің бірі.

Түңілу сатысы – туыс-туған, дос-жаран арасындағы атақ-абыройдан айырылу, жанұясы және достарымен арадағы қарым-қатынастың ажырауы, бәс тігудің көбеюі немесе бәске тігетін соманың күн сайын өсуі, суицидті ойлау немесе оған талпыну, эмоционалды мінез-құлықтың бұзылуы сынды сатылардан тұрады.

Аталған сатылардың барлығы да ойын құмар адамның түбі жақсылыққа апармайтынынан хабар береді. Бұл ойынқұмарлықтан арылу оңайлықпен келмейді. Ойынға құмар адам оны оңайшылықпен түсінбейді. Оның ойын тек ойын ғана басқарады, ата-ана, ағайын-туыс, отбасы, үй-ішімен ара-қатынасын үзеді. Ол ештеңеге қызықпайды, қызығушылығы тек ойынға қатысты болады. Ең қорқыныштысы да сол. Тірі тұлғаның роботқа айналуы қазіргі ғасыр дертінің айқын көрінісі.

P.S. Ата-бабамыз «Ойынға ойсыз құмар» деп дөп басып айтқан. Бабалар тарихына үңілсек, құмар ойнау деген ұғым қазақ танымында болған емес. Дінімізде де бәс тігуді құп көрмейді. Бұл – біріне бизнес болса, біріне құмарлығын қанағаттандыратын іс болып табылатыны белгілі. Отбасының берекесін қашырып, азғындыққа апаратын бұл індеттен әр адам өз құмарлығы мен нәпсісін тыя білгені дұрыс. Құмар ойынға салыну өз өміріңді құрдымға жіберу деген сөз. Сондықтан өз өміріңіз өз қолыңызда екенін біле жүрейік.

Жаннұр ҚАМЗА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT