Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ел дамуының өзекті мәселелеріне тоқталып, салық реформасының маңыздылығын ерекше атап өтті. Президенттің бұл реформаның қажеттілігін халыққа түсінікті әрі ашық жеткізу керек деген пікірі өте орынды. Себебі кез келген реформа, әсіресе экономикалық өзгерістер, азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан халықтың оны толық түсінуі және қабылдауы маңызды.
Салық жүйесі – мемлекеттің қаржылық тұрақтылығы мен әлеуметтік дамуының негізгі тірегі. Президенттің айтуынша, бюджет қаражатының жартысынан көбі әлеуметтік салаға бағытталған. Бұл – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек сияқты маңызды салаларға тұрақты инвестиция құюды білдіреді. Әрине, бұл қадам халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған. Алайда салық ауыртпалығы кәсіпкерлерге, әсіресе шағын және орта бизнеске салмақ түсірмеуі керек. Өйткені еліміздің экономикалық өсімінің негізгі драйвері – осы сектор. Егер бизнеске тым көп жүктеме артылса, ол жаңа жұмыс орындарының азаюына, бағаның өсуіне және экономиканың баяулауына әкелуі мүмкін.
Ұлттық құрылтай – билік пен қоғам арасындағы ашық диалогтың маңызды алаңы. Онда айтылған ұсыныстар нақты әрекеттерге ұласуы тиіс. Президент реформаларды жүзеге асыруда халықтың пікірін ескеруді тапсырды. Демек, салық саясаты да әділетті болуы керек. Ол бір жағынан, мемлекеттік бюджетке тұрақты кіріс әкелсе, екінші жағынан, халық пен кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасауы тиіс.
Сонымен қатар, бұл реформаның тиімділігі оның ашықтығына да байланысты. Жаңа салық саясаты қандай өзгерістер әкеледі? Ол қарапайым азаматтарға, кәсіпкерлерге, инвесторларға қалай әсер етеді? Осы сұрақтарға жауап берілмейінше, қоғамда түрлі пікірталастар туындай беретіні сөзсіз. Сондықтан Үкімет пен жауапты органдар реформа бойынша толық ақпарат беріп, қоғаммен кері байланыс орнатуы қажет.
Президент Ұлттық құрылтайда айтқанындай, елімізде жүргізілетін әрбір реформа ұлттық мүддеге сай, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиіс. Сондықтан салық жүйесіндегі өзгерістер де әділдік, теңдік және экономикалық тұрақтылық қағидаттарына негізделуі керек. Ұлттық құрылтайдағы бастамалар ел дамуына тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға қызмет етеді деп сенеміз.
Нұрлыбек ДАРАЛИЕВ,
Атырау облыстық мәслихатының депутаты