Еліміз егемендік алып, тәуелсіздіктің ақ таңы атқалы бері жастар үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Шын мәнінде бақытты кезеңде өмір сүріп жатқан жастарға өзін таныту үшін мүмкіндіктер өте көп, бұл туралы аға ұрпақ жастық шағында армандай алмайтын. Бүгінгі күн – талантты, жігерлі, өзіне сенетін, арманға бай және оларды жүзеге асыруға ерік-жігері бар жастардың уақыты. Еліміздің егемендігінің арқасында жыл сайын қаншама қазақтың ұл-қыздары шетелдердегі ең атақты жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.
Олардың қатарында алыс-жақын шетелдерде білім алып жатырған жерлестеріміз де жоқ емес. Бүгінгі күні Ливан мемлекетінің Триполи қаласында екі доссорлық жас білімін шыңдап жүр. Олардың бірі – Бекет Ұзақов.
Тәуелсіз, зайырлы мемлекетіміздің болашағы мығым болуы үшін дәстүрлі дінімізді ұлттық құндылықтарымызбен қатар алып жүретін, жас ұрпаққа дінді дұрыс түсіндіретін білімді жастар аса қажет. Осы орайда қазақ жастарының діни білімді болуы бүгінгі қоғамның басты талабына айналып отыр.
Осыны жете түсінген Бекет екі жыл бұрын білігін шыңдау үшін білім іздеп шетел асуды көздейді. 23 жасар жігіт бүгінгі күні аль-Джинан университетінде теологиялық білім алып жүр.
«Аллаға шүкір! Егеменді ел болып қанатымыз қатайып еліміз күннен-күнге дамып келеді. Ата-бабамыздың аңсаған тәуелсіз ел болғанымызға 29 жыл болыпты. Осы жыл ішіңде Қазақстан өз алдына дербес зайырлы ел болып, етек-жеңін жиып, шекарасын бекітті. Бұл ащы термен келген тәтті жеңістің нәтижесі деп есептеймін»-, дейді Бекет.
«Шетелде оқып жүрген соң бізден "сіздер қай мемлекеттен боласыздар?" деген сұрақ жиі қойылады. «Отансыз адам, ормансыз бұлбұл болмайды» демекші біз еліміздің "Қазақстан" екенін мақтана айтамыз. Өйткені егеменді еліміздің әрбір тұрғыны жайлы өмір сүруі үшін елде мүмкіндігінше барлық жағдайды жасалып жатыр. Біз секілді жастардың шет елдерде білім қуып жүргені осы тәуелсіздігіміздің арқасы деп білемін. Шетелдегілер сондай-ақ, не өз елімізді емес, білім алуға шығысты таңдағанымызды сұрайды. Ал, бұл сұраққа менің жауабым дайын. Әл-Фараби бабамыз Отырарда отырып атақты болмаған. Ол Таяу Шығыстан алған білімінің арқасында тарихта өшпестей із қалдырды. Сондықтан да, берілген мүмкіндікті пайдалану қажет»,- дейді ол.
Бекет жүрген жерінде елімізді насихаттап жүретінін айтады. Мемлекеттік рәміздерімізді, ұлттық тағам және салт-дәстүрімізді шетелдік достарына танытып, елге келген сайын оларға кәде сый апаруға тырысады екен. Осылайша мемлекетімізді әлемнің түкпір-түпіріндегі адамдардың тануына ықпал етіп жүр.
«Ливан мемлекетінде өзге ұлттар өте көп. Бір-бірімізге туған елімізді таныстырып жүреміз. Олар біздің мәдениетіміз бен өнерімізге таңданысын жеткізіп жатады. Жырақта жүріп өзің де туған жердің қадірін түсінеді екенсін. Мұндағы халық негізінен үш тілді. Араб, ағылшын және француз тілінде сөйлеседі. Өзімнің оқып жатырған мамандығыма байланысты мен мұнда келіп, араб тілін үйрендім. Қазір араб тілінде жетік сөйлеймін»,- дейді ливандық студент.
Қалай болғанда да бұл күндері шетелде оқитын жерлестеріміз көз қуантады. Десе де, шетелге оқуға кеткен жастарды қайтару мәселесі тағы бар. Өйткені «тауда туып, таста өскен, ағайыннан басқа өскен» жастардың диплом алғаннан кейін Қазақстанға қайта оралуы – некен-саяқ. Дегенмен Бекеттің шет елде қалғысы жоқ. Еліміздің беріп отырған мүмкіндігін пайдаланған ол, оны еліме еңбек етіп қайтару парызым дейді.
«Қазақта «өзге елде ұлтан болғанша өз еліңде сұлтан бол» деген керемет сөз бар. Алла қаласа оқуымды аяқтаған соң - мақсатымыз елге қызмет ету! Отанды сүю иманнан демекші туған жерімді ешқандай елге айырбастауға болмайды. Өйткені ата-бабамыз біз үшін, біздің бейбіт елде өмір сүруіміз үшін күресті. Сондықтан аманатқа қиянат жасауға болмайды»,- деп ағынан жарылды ол.
Бекеттен Ливан мемлекетінде Шымкенттен - 1, Құлсарыдан – 2, Доссордан – 2 жерлесіміз білім алып жатқанын білдік. Барлығының да ойы бір. Шет елде білімін жетілдіргеннен кейін елге адал қызмет ету.
«Аллаға шүкір! Егеменді ел болып қанатымыз қатайып еліміз күннен күнге дамып келеді. Ата-бабамыздың аңсаған тәуелсіз ел болғанымызға 29 жыл болыпты. Осы жыл ішіңде Қазақстан өз алдына дербес зайырлы ел болып, етек-жеңін жиып, шекарасын бекітті. Бұл ащы термен келген тәтті жеңістің нәтижесі деп есептеймін. «Менің елім, менің тағдырым»- деп ойлайтын әрбір азамат елінің болашақтағы тағдырын бүгіннен ойлауы қажет. Себебі, біздер жастар егеменді еліміздің ертеңгі күні, болашақ тағдыры өзіміздің қолымызда екендігін ұмытпалық. Мәртебең асқақ, бақытың мәңгілік болсын деймін, туған елім»-, деп сағынышын жеткізді Бекет.
Өзге елде білім алып жүрген қазақ жастары Отанға оралып, елдің дамуына өз үлестерін қосуға асық.
М.ІЗТҰРҒАНОВА