Қызылордада әлеуметтік шығындардың тиімділігі талқыланды

(0 Votes)

 Қызылорда облысында «Әлеуметтік салаға бағытталған бюджет қаражатын тиімді пайдалану» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті. Іс-шараға 300-ден астам орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, өңірлік басқармалар басшылары, аудан әкімдері, мәслихат депутаттары, сондай-ақ әлеуметтік саясат пен қаржы саласындағы сарапшылар қатысты.

Іс-шараның мақсаты – білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, туризм және спорт салаларында мемлекеттік қаражатты ұтымды әрі нәтижелі пайдалану тетіктерін талқылау, сондай-ақ жергілікті жерлерде цифрлық шешімдерді енгізу.

Пленарлық отырысты Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев ашты. Ол оптимизацияның басты мақсаты – әлеуметтік көмектің атаулылығын және әділдігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

«Мемлекет әлеуметтік салаға айрықша назар аударуды жалғастыруда: республикалық бюджеттің 40%-дан астамы дәстүрлі түрде азаматтарды қолдауға бағытталады. Маңыздысы – мемлекеттік қолдау шынымен мұқтаж жандарға жетуі тиіс», – деді вице-премьер.

Іс-шара барысында Жоғары аудиторлық палата мен салалық министрліктер анықтаған әлеуметтік төлемдерді мақсатсыз пайдалану фактілері қаралды.

Мысалдар ретінде:

▫️заңды негізі жоқ азаматтардың жәрдемақы алуы;

▫️жұмыссыздық және декреттік төлемдерді тағайындау кезіндегі алаяқтық жағдайлары;

▫️бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаражатын стоматологиялық қызметтерге мақсатсыз пайдалану;

▫️мектептегі тамақтандыру мен атаулы әлеуметтік көмек тағайындауда жағдайы бар отбасыларға жеңілдіктер беру.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 429 мың жұмыссыз азамат тіркелген. Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеуге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорында 127 млрд теңге қарастырылған. Алайда бұл көмекті іс жүзінде мұқтаж емес адамдар да алған жағдайлар анықталған.

Бюджет қаражатын өңірлік деңгейде пайдалану тәжірибесіне ерекше көңіл бөлінді. Бірқатар төлемдер мен жеңілдіктер жергілікті мәслихаттардың шешімімен бекітілетіні және кей жағдайларда жергілікті бюджет шығыстарының едәуір артуына әкелетіні айтылды. Осыған байланысты әкімдіктерге әлеуметтік төлемдерді қайта қарау, қаражатты аз қамтылған отбасыларды атаулы қолдауға бағыттау және үнемделген қаражатты өңірдің әлеуметтік қажеттіліктерін шешуге жұмсау ұсынылды.

«Конституция кепілдік берген барлық әлеуметтік төлемдер азаматтарға толық көлемде және қысқартусыз төленеді. Оптимизация тек қана теріс пайдалану жағдайларын жоюға және әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыруға бағытталған. Үнемделген қаражат шын мәнінде мұқтаж азаматтарға қолдауды күшейтуге мүмкіндік береді», – деді Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT