Мемлекет басшысының өткен жылдың 2 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылып, биылғы көктемнен бастап бүкіл ел аумағында белсенділік жағдайында баянын тауып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» патриотизм құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды мақсат тұтқан игі іс екені белгілі.
Ал қоршаған орта – ол біздің айналамыз, күн сайын көшін түзеген көшелер, саябақтар мен алаңдар, түрлі ғимараттар. Аталған акция аясындағы істер солардың тазалығын, көрнекілігін, әдемілігін айшықтай түсетін де тірлік десек болады. Осыны айтқанда баяғы бір «Ауыл көркі – өз көркің» деген сөз де ойға орала кететіні рас. Бұл сөз қазір де мәнін жоймағанын аталған акция айғақтай түседі.
Ауыл көркі дегенде, театрдың киім ілгіштен басталатыны сияқты, сол ауылдың ажары мен базары оның кіреберіс қақпасы сынды басты көшелерінен бастау аларына сөз жоқ. Бұл үлкен болсын, шағын болсын, қай ауыл үшін де солай. Осы тұрғыдан алғанда аудан орталығы Аққыстау ауылының кіреберіс қақпасы сынды Егемен Қазақстан көшесі бойындағы көріністер көңіл көншітерліктей емесі рас еді. Соның ішінде аудан орталығына арнайылап ат басын бұрған таныс-бейтаныс жолаушының көзіне алдымен ілгері – сырт келбеті көнерген екі қатарлы тұрғын үйлер. Ауылға кірген бетте асфальт жолдың оң қапталын алып тұрған олардың көптен бері жөндеуді керек етіп тұрғаны да ауылдастардың бәріне анық-ты. Алдыңғы жылдары ол үйлердің бірінің қасбеті жөндеуден өткен, алайда жалғасын таппай қалды. Айналғанда, арнайы тұрғызылған қоршауларға тал-теректер отырғызылып, көшенің көркін асыруды ойлаған әрекетке әлгі бір тұрғын үйлердің жұпыны көрінісі кері әсер етіп тұрған.
Енді міне, сол тұрғын үйлердің қасбетін қалыпқа келтіру қамымен алдыңғы жылдары қолға алынған іс биыл жалғасын тауып жатқанын көріп қуандық.
Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрбол Жампейісовтің айтуынша, бұндай жұмыстар ауданның жырақтағы Томан елді мекені мен аудан орталығы Аққыстау ауылдарында қолға алыныпты.
–Аталған елді мекендердегі көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін күрделі жөндеу жұмыстарына жобалау сметалық құжаттамалары жасақталып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынған болатын. Мемлекеттік сатып алу конкурсы аясында ашық электрондық конкурс жарияланып, нәтижесінде «ҚұрылысТаймКонтракт» және «Clima Eng» мердігер мекемелері жеңімпаз болып анықталды,- деді бөлім басшысы.
Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кеткен. Білгеніміздей, Томанда 4 үйге, Аққыстауда 2 үйге (22, 24 үйлер) жүргізілетін болған күрделі жөндеу жұмыстарының қарқыны жаман емес. Бұл жұмыстарды жыл соңына дейін толықтай аяқтап, тапсыру жоспарланған.
Жақсы десе жан сүйінеді, ауылдың ажарын ашар игілікті істер жалғасын таба бергей делік.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР