"Тәжді" індет тұтқиылдан тап беріп, дүниені дүрліктіргелі адамзат абдырап қалды. Алты құрлық төрт қабырғаға қамалып, кейбір елдерде "қарға адым жердің" өзі мұңға айналды. Сазгерлер коронавирусқа "кет" деп ән жазып, ақындар "Жақтау біткен дерт жұқтырып алғандай, Тұтқа біткен тұмауратып тұрғандай..." деп "күйзеле" бастады. Бұндай сәтте отқа май құйғандай біреулердің "ойыны осылып" вирус жайындағы шытырман оқиғалы фильмдердің үзінділерін кесіп алып, халық арасына таратып әлек.
М.Ниязовша айтсақ "Аузынан ақ ит кіріп, СОVID шығып жүр" кейбіреулердің. Дәрігерлер қол алыспауға кеңес беріп, ара қашықтықты кемі екі метрден белгілеп тастады. Жамағаттың жұмыла намаз оқығаны былай тұрсын, парыз қылған "жұмасы" қалды бұл күндері. Әншілердің де "Күнтізбеде жеті күн тұр, Тек ішінде жұмасы жоқ" деп жүргені де осыдан. Тізе берсек таусылмайтын түрі бар. Алайда, әр нәрсенің артынан қайыр күтетін халық емеспіз бе? Бұл тұста біз карантинде жатып қандай сабақ алдық.
Алдымен ойға сап ете түсетіні үйге сыймай жүрген балаларымызға білім нәрінен бөлек тәлім-тәрбие берудегі ұстаздардың ролі. Былайғы кезде қадірі көп сезіле қоймайтын аяулы жандардың өлшеусіз еңбегін ата-аналар баласының жанында біліп жатқандай. Шыдамның да шыңдалатын тұсы қазір. Қадірлі жандар қашықтан болса да, бар шәкірттерін білімге баулып, қолынан келгенінше әдеттегідей аянып қалып жатқан жоқ.
"Махаббат деген қарусыз майдан" деуші ме еді. Бүгінде қарусыз майдан - махаббат емес коронавирус болып тұр. Бұл сөзімізге микрофонға ыңылдап жүргендер, дәру іздеп зырылдап жүргендермен таласа қоймас. Ақ халаттылардың абзал жан екенін адамзат әлдеқашан мойындаған. Әйтпесе, әлі емі табылмаған жұқпалы аурудан арашалауға былайғы адам басын бәйгеге тігер ме? Антына адалдығын сын сағатта іспен дәлелдеген дәрігерлер де ажал құрығына амалсыз түсіп жатыр. Әзірге әлем бойынша, көрсеткіштің елімізде тіркелмеуін тіледік. Жарқыраған жұлдыздардың да кім екенін президентіміз тайға таңба басқандай айқындап берді. “Қазір бүкіл әлемнің және бүкіл әлемдік экономиканың тағдыры ғалымдардың қолында. Бұл артық айтқандық емес. Әлемнің тағдырын футболшылар, шоу-бизнес өкілдері емес, ғалымдар шешеді. Біз осы жағдайдан сабақ алуға тиіспіз”, – деген еді мемлекет басшысы.
Толығырақ газетімізден оқи аласыз!
А.САДЫКОВ
Сурет: ашық дереккөз