Атырау қаласының сусыз қалуына жауапты мамандар өзен бетінде шәуіштің қатуы себеп болуы мүмкін деп болжайды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Расымен де, солай ма? Біз мұны эколог-сарапшы Ақлима Абдоловадан сұрастырып көрдік. Сонымен, судың аяқ астынан үзілуіне не себеп болуы мүмкін?
«Жалпы, мәселенің мән-жайын жергілікті су арнасының мамандары кейін айта жатар. Мен тек сарапшы ретінде болжам жасай аламын. Мұндай жағдайдың орын алуына Жайықтағы су деңгейінің төмендеуі себеп болуы мүмкін. Бәлкім, су астынан тереңірек қазу жұмыстарын жүргізу керек шығар. Әрине, мұз қатып жатқанда тозған тұрбаларды жөндеу оңайға соқпайды. Сондықтан қысқа дайындық жұмыстары жазда жасалғаны жөн. Екіншіден, жергілікті су арнасы кәсіпорнының техникалық жай-күйін жаңарту керек. Бүгінгі жағдай осыны айқын аңғартып отыр. Материалдық базаны реттемей, қазіргідей коммуналдық апаттардың алдын алу да мүмкін емес. Ендеше, бұл бағытта атқарылатын іс көп. Келесі жылдың жазында ескірген тұрбалардың бәрі жаңасына ауыстырылады деп үміттенеміз» дейді сала ардагері.
Мамандардың сөзінше, шәуіш бұл сирек кездесетін, болжауға келмейтін құбылыс және сумен қамтуда үлкен проблемалар тудырады екен. Ал, әзірге шаһарда коммуналдық қызмет өкілдері мәселені тез шешу бағытында жұмыстанып жатыр.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ