Су тасқыны басталғалы Жылыой ауданына 937,90 тонна гуманитарлық көмек келген.
Жылыой ауданының Қоғамдық штаб төрағасы Ерқұл Дәулетбаевтың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта гуманитарлық көмек тұрғындарға төрт пункт арқылы таратылуда.
«Жылыойда Жем өзенінің су деңгейі көтеріліп, аймақты су басуына байланысты Құлсары қаласына әр өңірден салмағы 937,90 тонна болатын гуманитарлық көмек жеткізілген болатын. Қиындық кезінде көмек көрсетіп жатқан барша қазақстандықтарға алғыс айтамыз» деді Қоғамдық штаб төрағасы Ерқұл Дәулетбаев.
«Мәселен, осыдан екі күн бұрын Шымкент қаласынан шыққан 3 тоннаға жуық гуманитарлық көмек Жылыой ауданына жетті. Шымкенттік құм-тас сатушы бір топ ерікті кәсіпкерлер Құлсары қаласы халқының қиындығын жеңілдету мақсатында 1 жүк машина көлемінде гуманитарлық көмектерін әкелді. Мұндай көмектер еліміздің түкпір-түкпірінен жетуде» деді Қоғамдық штаб төрағасы Ерқұл Дәулетбаев.
Еске сала кетелік, Қоғамдық штаб Құлсары қаласы, Махамбет даңғылы, №9 орта мектеп ғимаратының акт залында қызмет көрсетуде.
Байланыс телефондары: 8700 245 9329, 8775 711 8354, 8775 361 1438