Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында KazRoboSport-2025 робототехника байқауы өтті. Іс-шара "Теңізшевройл" компаниясының Әлеуметтік инвестиция бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан JasUp жобасы аясында ұйымдастырылды. Шараға Жылыой ауданы жастар орталығы еріктілермен және сыйлықтармен қолдау көрсетті.
Байқауға барлығы 21 тәлімгердің жетекшілігімен дайындалған 66 үміткер қатысты. Қатысушылар робототехника саласындағы білімдері мен машықтарын төмендегі номинациялар бойынша сынады:
• Сызық бойымен жарыс (Line following race)
• Робо Сумо 25х25
• Кегельринг-квадро
Жарысқа 6 мен 17 жас аралығындағы жас өнертапқыштар қатысып, өзара үздіктерді анықтады. Байқау балалар мен жасөспірімдердің техникалық білімге қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ логикалық ойлау мен командалық жұмыс дағдыларын дамытуға бағытталған.
KazRoboSport-2025 байқауының маңызы
KazRoboSport-2025 – жас ұрпақты жаңа технологиялар әлеміне тартуға бағытталған маңызды алаң. Бұл байқау балалар мен жасөспірімдерге робототехника, инженерия және бағдарламалау салаларындағы білімдерін тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік береді.
«Аталған шара ауылдық және өңірлік деңгейдегі оқушылар үшін ерекше маңызды, себебі олар заманауи жабдықтармен жұмыс істеуді үйреніп қана қоймай, өз жобаларын көпшілік алдында қорғап, бәсекеге қабілеттіліктерін арттырады.
Сонымен қатар, байқау командалық рухты нығайтып, қатысушылардың сыни ойлау қабілетін, креативтілігін және мәселені шешу дағдыларын дамытады. Бұл қасиеттер болашақта технология, ғылым және өндіріс салаларында сұранысқа ие маман болуға жол ашады.
KazRoboSport сияқты жобалар – еліміздегі техникалық білім мен инновацияны дамытуға жасалып жатқан нақты қадамдардың бірі. Байқау арқылы Қазақстанның болашақ инженерлері мен өнертапқыштарының алғашқы қадамы басталып жатыр деуге болады» дейді JasUp жобасының жоба менеджері Асқар Алдан .
JasUp жобасы – "Теңізшевройл" компаниясының Әлеуметтік инвестиция бағдарламасы аясында Атырау облысында жүзеге асырылып жатқан ерекше жоба. Оқушыларды ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) салаларына тартуға бағытталған жобаның басты мақсаты – жастардың инновациялық әлеуетін ашып, болашақтағы кәсіби бағдарын айқындауға көмектесу.
Іс-шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Құлсары қаласында KazRoboSport-2025 байқауы өтті
- Автор: Бекарыс
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- 24
