Жол қозғалысы ережелерін сақтау – тек заң талабы ғана емес, ең алдымен адам өміріне деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Өкінішке қарай, тас жолда тәртіп бұзу, жылдамдықты шамадан тыс арттыру, көлік құралын басқару құқығынан айырылған тұлғалардың рөлге отыруы – жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі болып отыр. Осыған байланысты, Атырау облысы полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері облыстық және республикалық маңызы бар тас жолдарда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы қызмет атқарып келеді.
Мәселен, Доссор–Құлсары–Бейнеу бағытындағы республикалық маңызы бар тас жолда патрульдік полиция қызметкерлері «Кибер-Шериф» ақпараттық құрылғысының көмегімен жылдамдықты асырған 150-ден астам жүргізушіні анықтады. Аталған тұлғаларға ҚР ӘҚБтК-нің 596 және 612-баптарына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылып, көліктер айып тұрағына қойылды.
Құрметті жүргізушілер!
Жолда жүру барысында белгіленген жылдамдықты асырмай, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Бұл – өз өміріңіздің және жолаушыларыңыздың қауіпсіздігінің басты кепілі екенін ұмытпаңыздар.