ХАЛЫҚ СЕНІМІ БӘРІНЕН ДЕ ЖОҒАРЫ

ХАЛЫҚ СЕНІМІ БӘРІНЕН ДЕ ЖОҒАРЫ
(0 Votes)

 Биыл Қазақстанда жергілікті өкілді органдар – мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толады. Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 10 наурыздағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы» Заңына сәйкес өкілді және атқарушы билік органдарының өкілеттіктері бөлінді. Халық кеңестерінің депутаттары «Мәслихаттар – Депутаттар жиналыстары» болып қайта құрылды. 1994 жылдан бастап мәслихаттар өз жұмысын бастады. Аталған уақыттан бері егемен Қазақстанның өкілді билік органдарының қызметі есептеліп келеді. 

Ел егемендігінің бастауына қысқаша шегініс жасар болсақ, мемлекеттің даму сатысына қарай жергілікті мемлекеттік басқару формасына мәслихаттардың енгені қазақ елінің тарихында айрықша мәнге ие. Қазақстан Республикасы мәслихаттары институты енгізілгенге дейін халық депутаттары жергілікті кеңестері қызмет атқарғаны белгілі. 1993 жылғы 10 желтоқсанда Республиканың Жоғары Кеңесі «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілетті және атқарушы органдары туралы» Заң қабылдады, осыған сәйкес өкілетті орган «Мәслихат – депутаттар жиналысы» деп аталған.

1994 жылғы 7 наурызда Қазақстан Республикасында жергілікті өкілетті органы – бірінші шақырылым депутаттарының мәслихат жиналыстарына (1994-1999 ж.ж.) 21 сайлау округтері бойынша сайлау өткізілді.

Осы кезеңде біздің аудан үшін ғана емес, бүкіл ел үшін, нарықтық қатынастарға көшу кезеңінде, дамып келе жатқан демократия жағдайында халық таңдаған адамның бейнесі қаланды. Бірінші шақырылым депутаттарының аудандық мәслихат-жиналысының бірінші сессиясы 1994 жылғы 18 наурызда шақырылды. Газеттің 2024 жылғы 1 наурыз күнгі №9 санында І шақырылған аудандық мәслихат хатшысы Орақ Ерғалиұлы 1994-1999 жылдар аралығындағы мәслихат жұмысы туралы «Мәслихат – жергілікті өкілді орган» мақаласында жазған болатын. Мен де (1999-2003) жылдар аралығындағы ІІ шақырым туралы сыр шертуді жөн көрдім.

Бұл шақырылым 12 депутаттан құралып, олар алғашқы сессияда мені Мақат аудандық мәслихаты депутаттар жиналысының хатшылығына сайлады. Атқарушы билікпен бірлесе отырып, халық аманатын орындау, аудан тұрғындарының әл-ауқатын көтеру, экономикамыздың дамуына тың серпін беруге күш салдық. Өз біліктіліктері мен білімдерін аямай жұмсай отырып, ауданымыздың дамуына өлшеусіз үлес қосқан Орақ Деңгелбаев, Тілекқабыл Қабдолов, Нұртаза Есмұқанов, Ахметжан Жұмағалиев, Қажымұқан Елемесов, Адайхан Елубаев, Есенжан Төлешқалиев, Болат Берниязов, Жолдас Сембай, Тілекқабыл Құсайынов, Гүлжан Мұқашева секілді депутаттар болды. Олар өздеріне берілген конституциялық құқықтарын орынды пайдаланып, елге адал қызмет етті. О.Деңгелбаев, Қ.Елемесов, А.Елубаев сияқты тәжірибелі, өз ісінің мамандары мәслихат жұмысына серпін беріп, жаңаша өзгеріс еңгізуге көп еңбек сіңірді. Б.Берниязов және Т.Қабдолов өндіріс-әлеуметтік сала жұмысына қозғалыс енгізуге еңбек етсе, А.Елубаев қаржының орындалу мәселесі бойынша аудан қаржыгері И.Мәжікеевтің кіріс-шығысын толық жіліктеп беретін. Одан кейінгі сайланған мәслихат депутаттарына ондай мүмкіншілік көп болмады.

Жалпы аудандық мәслихаттың ІІ кезеңі тәуелсіз еліміздің экономикасы дамып, инфляция күш алған кезбен сәйкес келді. Кәсіпорындар біртіндеп жабыла бастады, дүкендердің сөрелері бос, жалақы, зейнетақы мен жәрдемақы кешіктіріліп берілетін. Осы сынды қиыншылықтарға қармастан мәслихат өз ырғағынан жаңылмады.

Аудандық мәслихат сессияларында халықтың тұрмысына, экономикаға қатысты көптеген мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Төрт жыл аз мерзім болғанымен, осы уақыт аралығында атқарған шаруа өте ауқымды болды. Аудандық мәслихатқа тексеру комиссиясы штаты берілді. Аудандық тексеру комиссиясының төрағалығына ауданның танымал заңгер-адвокаты Адайхан Елубаевтың келуі жаңа қызметтің өз деңгейінде жұмыс жасап кетуіне ықпал етті. 2000 жылы аудандық мәслихаттың әкімшіліктен дербес есепшотқа бөлінуіне байланысты есепші маманын штат кестесіне енгізу және дербес есепшот ашу туралы маңызды шешім қабылданды.

Сол уақытта Доссор кентінде орналасқан аудандық Қазынашылық басқармасы 2001 жылы біздің бастамамызбен аудан орталығы Мақат кентіне көшірілді. Уақыт өте келе экономикамыз да біршама жақсарды, халықтың тұрмысы оңала бастады.

2000 жылы аудандық бюджетке бұрын-соңды болмаған 20 млн. теңге қаржы кірісі түсті. Ол қаражат облыстық әкімдікке қарызға беріліп, бүгінде облыстық әкімдік алдында тұрған Сұлтан Бейбарыс ескерткіші біздің ауданның қаражатына тұрғызылды.

Сондай-ақ, тағы бір ауыз толтырып айтатын маңызды мәселе аудандық газеттің ашылуына ықпал жасауымыз болды. Өйткені аудан әкімінің, мәслихаттың қабылдап жатқан шешімдерін халыққа жеткізуде газеттің рөлі маңызды деп білдік. Дегенмен сол кезде ауданның басты баспасөзі «Мұнайшы» газеті жекеменшік газетке айналып, бізге тиімсіз болған еді. Сондықтан да жаңа аудандық газетті ашуға жұмыстанып, ол сәтті жүзеге асты. Оған «Мақат тынысы» деп атау ұсынған да өзім едім. Осылайша газет шығару ісі сәтті жүзеге асып, 2001 жылы маусым айында «Мақат тынысы» газетінің алғашқы нөмірі жарық көріп, оны сессияға депутаттардың алдына қойдық.

Біздің шақырылым кезеңінде аудандық ішкі істер бөлімі босаған балабақша ғимаратына орналасқан еді. Аталмыш нысан жөндеуді қажет ететін жағдайда болып, төбесінен су кетіп күйсіз жағдайда тұрды. Аудандық мәслихат депутаттарының хатымен және аудан атынан сайланған депутат, облыстық бюджет комиссиясының төрағасы М.Шырдабаевтың араласуымен облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, төбесі ауыстырылды. Бүгінгі күнге дейін аудандық полиция бөлімі әлі де сол ғимаратта жұмыс жасауда.

Аудандық мәслихат өз жұмыстарында аудан әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс істеді. Әсіресе, депутаттардың сайлау алдындағы бағдарламаларының орындалуы мен өткен жиналыста айтылған ұсыныс, пікірлердің бірге шешілуі жөнінде ауыл әкімдерімен бірлесе жұмыс атқарып отырды. Әрине, бұған жекелеген депутаттардың белсенділігінің артуымен қатар аудандық мәслихаттың да мәртебесі артып отырды. Сондықтан да аудандық мәслихат әрбір депутаттың өз сайлаушыларымен кездесуін жүйелі түрде жолға қоя білді.

Аудандық мәслихат – халықтың қалауын білдіретін жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың маңызды бөлігі. Алғашқы жылдарға қарағанда, соңғы заңнамалық өзгерістерге сай мәслихаттардың рөлі біршама күшейтіліп, ел үшін атқарылар мәнді де, маңызды жұмыстар күтілуде. Бұл міндеттерді абыроймен атқару – әрбір депутаттың қасиетті парызы.

Түркіменбай НҰРЖІГІТОВ,

ІІ шақырылған аудандық мәслихат хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521