Кезінде Маңғыстауда АЭС болған

(0 Votes)

Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстанда энергия тапшылығын жою үшін атом электр стансасын салу мәселесін көтерді. Әрине, бұл қуат көздеріне сұраныс артқанынан туындап отыр. Бұл өз кезегінде бірқатар мәселелерді шешері анық. Жалпы ең алғашқы АЭС қай елде салынды? Әңгімеміздің әлхиссасын содан бастайық.

 1948 жылы КСРО-да бірнеше өндірістік реакторлары бар плутоний зауыты салынды, ал, 1949 жылы тамызда алғашқы кеңестік атом бомбасы сыналды. Байытылған уран өндірісі өнеркәсіптік ауқымда ұйымдастырылып, игерілгеннен кейін көліктік қолдану және электр энергиясы мен жылу алу үшін энергетикалық ядролық реакторларды құру мәселелері мен бағыттарын белсенді талқылады. Курчатовтың тапсырмасы бойынша физиктер Е. Фейнберг пен Н. Доллежал атом электр стансасына арналған реактор жобасын жасай бастады. 1950 жылы 16 мамырда КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен үш тәжірибелі реактордың құрылысы анықталды, олар – сумен салқындатылған уран-графит, газбен салқындатылған уран-графит және газбен немесе сұйық металмен салқындатылған уран-бериллий. Бастапқы жоспар бойынша олардың барлығы бір бу турбинасында және 5000 кВт генераторда жұмыс істеуі керек еді. Обна атом электр станциясының реакторы энергия беруден басқа, эксперименттік зерттеулерге және медицина қажеттіліктері үшін изотоптар өндіруге негіз болды. Эксперименттік атом стансасының жұмыс тәжірибесі осы саланың мамандары ұсынған инженерлік-техникалық шешімдерді толық растады. Өз кезегінде бұл Кеңес Одағында жаңа атом электр стансаларын салу жөніндегі кең ауқымды бағдарламаны іске асыруға мүмкіндік туғызды. 1954 жылы мамырда реактор іске қосылды, ал, сол жылдың маусымында Обна АЭС-ы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға жол ашып, алғашқы өндірістік ток берді. Әлемге атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды әкелген Обна атом электр станциясы 48 жылға жуық табысты жұмыс істеді.

Кеңес Одағының бұл жаңалығы оның бақталасы – атом бомбасын алғаш рет жасап, 1945 жылы Жапонияда қолданып үлгерген АҚШ-ты бейжай қалдырмады. Америка 1958 жылы 26 мамырда Шиппингпорт атом стансасын іске қосты. Әлемдік зерттеушілер бұл ең алғашқы коммерциялық АЭС болғанын айтады. Ол 1982 жылдың 1 қазанына дейін жұмыс жасады. Кезек Еуропаға жетті. 1961 жылы Болгарияда Козулдуй АЭС-ы іске қосылды. Аталған нысан толық қуатта іске қосылғаннан кейін Болгария өзінің электр энергиясына деген қажеттілігін толығымен жауып қана қоймай, оның экспорттаушысына айналды.

Азияда алғашқы АЭС – 1973 жылы 16 шілдеде Қазақстанның Маңғышылақ түбегіндегі Шевченко (қазіргі Ақтау) қаласында пайдалануға беріліп, реактордың энергетикалық іске қосылуы өтті. Бұл жер кездейсоқ таңдалмады — тұрғындары тұщы су тапшылығын сезінетін шөлді аймақ. АЭС аймақты электр қуатымен және ішуге болатын сумен қамтамасыз етуі керек еді. Маңғышлақ энергия зауыты жылдам нейтронды ядролық реакторы бар әлемдегі алғашқы атом стансасы. Реактордан басқа, оның құрамына жылу энергетикалық орталығы және тұзсыздандыру қондырғысы кірді. Станса тәулігіне 120 мың текше метр таза су өндіреді деп жоспарланған. Жылдам нейтрондардағы реактордың ерекшелігі – ол пайдаланылған ядролық отынды (мысалы, Маңғышлақ реакторындағыдай уран-235) АЭС үшін жаңа отынға айналдыруға мүмкіндік береді. 1973 жылдан бастап Маңғышлақ алғашқы киловатт электр қуатын алды. Аталған реактор 1999 жылға дейін сәтті жұмыс істеп, пайдалану мерзімі бітуіне байланыс тоқтатылды.

Азия құрылығы бойынша 2023 жылғы мәліметтерді айтатын болсақ, Үндістанда 22 АЭС істеп тұр, 9-ы салынып жатыр. Қытайда әртүрлі көлемдегі 53 атом электр стансасы болса, тағы 22-сінің құрылысы басталған. Пәкістанда 6-сы жұмыс жасаса, енді біреуін салуды қолға алған. Бангладеште екеуі салынуда. Біріккен араб әмірлігінде, Иранда біреуі жұмыс жасап тұрса, екіншісі салыну үстінде. Іргелес Өзбекстан 2029 жылы АЭС салуда жоспарлап қойған. Мұндай стансалар тиімсіз болса, экономикасы жылдан-жылға шарықтап бара жатқан Қытай неге 22-сін салғалы отыр? Демек, пайдасын көруде. Сондықтан Қазақстанға да бір АЭС қажет деп ойлаймын.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT