Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов бүгін Дубайда 2025 Дүниежүзілік үкімет самиті аясында өткен сот жүйесінің болашағына заманауи технологиялар мен жаңа үрдістердің әсері тақырыбындағы халықаралық конференцияға қатысты.
Іс-шара барысында сот төрелігін жүзеге асыруда цифрлық технологияларды қолдану, олардың артықшылықтарын арттыруға бағытталған мәселелер мен стратегиялар қарастырылды.
Қазақстанның жоғары қадағалау органының басшысы прокуратура органдарының басым бағыттарында жасанды интеллект элементтерін пайдалану бойынша оң тәжірибесімен бөлісті.
Ол қылмыстық және әкімшілік процестерді барынша қамтитын цифрлық жобаларды атап өтті, бұл жобалар жұмысты айтарлықтай оңтайландырып, процестік орбитаға тартылған тұлғалардың құқықтық кепілдіктерін нығайтады.
Берік Асылов Мемлекет басшысының мемлекеттік органдардың жұмысына жасанды интеллект құралдарын енгізу маңыздылығына ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Сонымен қатар, киберқауіпсіздікті нығайту және азаматтардың жеке деректерін барынша қорғау қажеттігіне назар аударылды.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар IT-технологиялар саласындағы озық тәжірибемен алмасуға жоғары қызығушылық білдірді. Цифрлық трансформация мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде келісімдерге қол жеткізілді.
Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Әділет министрі арасында екіжақты кездесу өтіп, іздестіріліп жүрген адамдарды экстрадициялау және заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, Қатар, Қытай және Норвегия әділет министрлерімен келіссөздер жүргізілді. Әңгімелесушілер серіктестіктің тиісті деңгейін қанағаттанарлық деп бағалап, оны одан әрі нығайту бойынша қадамдарды белгіледі.