Қазақстандық отбасылар 1966 баланы асырап алған

(0 Votes)

Бұл туралы «Баланың бақытты мекені – отбасы» тақырыбында Ұлттық бала асырап алу агенттігі ұйымдастырған дөңгелек үстелде айтылды.

 Іс-шараның мақсаты – Қазақстанда Кәсіби қабылдаушы отбасы институтын енгізу туралы ақпарат беріп, пікір алмасу. Айта кетерлік қуанышты жайт – заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында қабылданды.

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру саласындағы алдағы жаңалықтарды талқылауға білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік жұмыспен қамту басқармаларының, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының өкілдері және т. б. келді.

8 жылдың ішінде Ұлттық бала асырап алу агенттігінің көмегімен 1966 бала қазақстандық отбасыларға орналастырылды. Олардың 253-і Реабилитация жобасындағы диагнозы бар балалар және ол отбасыларға атаулы материалдық көмек, балалардың денсаулығын қалпына келтіру және оңалту түрінде қолдау көрсетілуде.

Алайда 4200-ге жуық бала әлі де ата-анасын интернаттық мекемелерде күтуде. Олардың басым бөлігі жасөспірімдер, ағайындылар және диагнозы бар балалар. Бұл мәселенің шешімі біздің елімізде үздік әлемдік тәжірибені – Кәсіби қабылдаушы отбасылар институтын енгізу болуы мүмкін.

Дөңгелек үстелге қатысушылар белсенділік танытып, кәсіби қабылдаушы отбасылар институтын әр қырынан қарастырды. Отбасыларға төленетін ақы, ата-ананың жұмысы мен пайда болуы мүмкін мәселелер талқыланды. Кәсіби қабылдаушы ата-аналардың жоғарғы білімі қызу талқыланып, «міндетті түрде педагогикалық жоғары білім алған болуы керек па?» - деген алаңдаулар пайда болды.

Қойылған сауалға «Ұлттық бала асырап алу агенттігінің» басшысы, Рахметова Фарида: «Кәсіби қабылдаушы ата-ананың педагогикалық білімінің болуы ең маңызды фактор емес. Тереңдетілген психологиялық диагностика мен оқыту маңыздырақ. Осы мақсатта біздің агенттік Кәсіби қабылдаушы ата-ана боламын деген үміткерлерге психологиялық талдау жүргізеді. Содан кейін тексерілген үміткерлер психологиялық дайындықтан өтіп, сертификат алады», - деп жауап берді.

Іс-шараның нәтижесінде мемлекеттік органдарға Кәсіби қабылдаушы отбасы институтының маңыздылығы мен мәні егжей-тегжейлі баяндалды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT