Қазақстан-Қытай бизнес-форумы аясында екі ел тарапынан кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект саласындағы Қазақстан-Қытай ғылыми-технологиялық инновациялар альянсын құру және «Бір белдеу — бір жол» Бірлескен зертханасын қалыптастыру туралы келісімге қол қойылғаны белгілі. Альянс Мемлекет басшысының ҚХР-ға ресми сапары барысында жоғары деңгейде қол қойылған негізгі құжаттар пакеті құрамына енеді әрі Орталық Азиядағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам, деп жазады Egemen.kz.
Альянс ғылым, білім мен өнеркәсіптің өзара ықпалдастығын жеделдету, трансшекаралық технологиялар трансферін дамыту және Қазақстан мен өңірде жасанды интеллект индустриясын жаңғыртуға арналған ашық платформа ретінде құрылып отыр.
Альянстың құрылтайшылары – Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Чжэцзян технологиялық университеті (ҚХР), Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Zhejiang Zhonghe Technology Co., Ltd. (ҚХР).
Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Күрішбаев ғалымдардың ҚХР-ға сапарының маңызды тетіктеріне тоқталып, халықаралық әріптестік аясында іске асатын негізгі бағыттарды атады.
Олардың қатарында: Кеңістіктік-уақыттық интеллект және тұрақты даму жөніндегі бірлескен зертхананы дамыту;
Еліміздегі алғашқы ірі жасанды интеллект тілдік моделін DeepBas әзірлеу;
Төтенше жағдайлар, экология, энергетика және тұрақты даму салаларына арналған жасанды интеллектің сервистік платформасын құру;
Спутниктік технологияларды, ұшқышсыз жүйелерді, сенсорлар мен «Бэйдоу» навигациясын интеграциялау мен бірлескен білім беру бағдарламалары арқылы кадрлар даярлау;
Оқытушылармен алмасу, жаңа оқулықтар мен оқу ресурстарын шығару жоспарланып отыр.
Алдағы бес жылда екі елде бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша кемінде 100 студентті дайындау, сондай-ақ жыл сайын 200-ден астам маманды кәсіби оқыту жоспарланған. Маңызды нәтижелердің бірі — DeepBas моделін енгізу, экологиялық мониторинг жүйелерін, смарт ауыл шаруашылығын, көлік және энергетикалық қауіпсіздік шешімдерін дамыту болмақ.
Жоба еліміз үшін ауыл шаруашылығы, көлік және энергетика салаларына озық технологияларды енгізуде, ал аспан асты елі үшін аймақтағы ғылыми-білім беру және технологиялық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігі ретінде стратегиялық маңызға ие.
Ғалымдардың пікірінше, екі ел арасындағы білім мен ғылым ынтымақтастығы ұзақ мерзімді перспективада «Бір белдеу — бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастық білім мен технологиялардың тиімді трансферін қамтамасыз етіп, өңірдің ғылыми-білім беру әлеуетін нығайтады және жаңа буын зерттеушілер мен мамандарды даярлауға жол ашады.
Алматы