Атырау облысында есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымын анықтау мақсатында «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Іс-шара аясында Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері Атырау гарнизонының әскери полиция бөлімшесін тексерді. Тексеру арнайы үйретілген қызметтік және іздестіру иттерінің көмегімен жүргізілді. Кинологтар әскери полиция бөлімшесінің жұмыс кабинеттерін, қызметтік бөлмелерін, қоймаларын және ортақ пайдаланылатын орындарын мұқият қарады. Әр бөлме кезең-кезеңімен тексеріліп, тыйым салынған есірткі немесе психотроптық заттардың бар-жоғы анықталды. Негізгі мақсат – әскери құрылымдарға есірткі заттарының заңсыз жеткізілуіне жол бермеу және олардың өңірдегі айналымына тосқауыл қою.
Профилактикалық іс-шара нәтижесінде әскери полиция бөлімшесінен күдік тудыратын заттар табылған жоқ. Полиция бұл бағыттағы жұмыстардың күн сайын тұрақты жүргізілетінін атап өтті.