Қара алтын қайнарын тасытқан

(0 Votes)

Тарихтың тылсым пернесін түртіп қалсаң, еліңнің еңсесін тіктеген еңбек ерлерінің ізі сайрап жатыр. Соның бірі қарапайым ғана отбасынан шығып, еңбекке ерте араласқан тыл еңбеккері – Раушан Мамаев. Оның тағдыры Жылыойдың жусанды даласында атқылаған мұнай бұрқағын алғаш көрген күндермен қатар өріліп, әр жетістігі маңдай терге суарылған шежірелі ғұмыр. Оған жақсының ел аузында қалған еміс-еміс естелігі мен көзі тірісінде алған жетістіктері дәлел бола алады.

 1926 жылдың қоңыр күзінде Қызыл Ембі ауылында дүние есігін ашқан ардагердің өзі жазып қалдырған қолжазбасынан әкесі Жақсыман Мамаевтың кедей отбасында дүниеге келгенін, Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан шебіне аттанып, елге қайта оралмағанын, сондай-ақ анасы Жәния Жақсыманованың ұзақ жылдар бойы колхозда сауыншы болып еңбек еткенін білуге болады. №30 орта мектепте білім алған ол әкесінен ерте айырылған шақта осылайша қайнаған тіршіліктің тізгінін ерте ұстап, өмір өзегіне біте қайнаса араласып кеткен.

Раушан Мамаевтың еңбек жолы 1942 жылдың шілде айында бұрғылау мекемесінде бұрғылаушының көмекшісі болудан басталған. Бұл елдегі мұнай өнеркәсібі енді дамып, соғыс жағдайында жоспарды еселеп артығымен орындауға күш салып жатқан қиын да жауапты кезең еді. Қошқар, Алтыкөл, Қызылжар, Жолдыбай, Төлес сияқты кен орындарында уақытпен санаспай еңбек еткен жас маман уақыт өте келе өз ісінің нағыз шеберіне айналды. 17 жастағы жасөспірім бозбаланың тылда төгілген әрбір ащы терінің тамшысы неміс-фашист басқыншыларына атылған оқтай ыза мен кекке толы еді. Таңның атысынан тұрып, қас қарайғанша жетіқат жер астынан қара алтын қайнарын қазған бұрғышы бозбаланың боз даланың омырауынан көкке шапшыған әрбір мұнай бұрқағы жауға қарсы оқталған снарядтай атқылады. Сөйтіп тылдағы тынымсыз төгілген тер текке кетпей, Мамаевтай майталман мамандардың ашқан еңбек майданының арқасында жау өз ұясында талқандалды.

Әрмен қарай, соғыстан зардап шеккен халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Аман қалған ер-азаматтар елге оралып, еңбек көрігі қыза түсті.

Раушан Мамаев бұрғылау саласындағы еңбек жолын жалғастырып, 1947-1948 жылдары Төлес кен орнында бұрғылаушы болды. Бұл қызмет кәсіби тәжірибесінің қалыптасуына үлкен жол ашты. Бірақ болашағынан зор үміт күттірерлік жас маманға тәжірибемен бірге кәсіби білім де ауадай қажет еді. Сондықтан 1949 жылы Ембі мұнай барлау-бұрғылау мекемесі жанынан Бургуслан мұнай техникумына оқуға жіберілді. Бұл оның еңбек жолындағы жаңа белесі еді.

Көп ұзамай білім ордасынан бұрғылаушы мамандығын меңгеріп шыққан ол елге оралады да, мұнай өндірісінің алдыңғы шебінде жұмысын жалғастырады. Кейіннен еліміздің мұнай өнеркәсібіндегі маңызды нүктелер – Қаратон, Ақнияз, Көшкімбет, Төңірекшың, Боранқұл, Құмтөбе, Сарға, Прорва сияқты кен орындарында шебер қызметін атқарып, өндіріс тиімділігін арттыруға үлкен үлес қосты. «Каменная» алаңында бас инженер болған жылдары білімі мен тәжірибесі артып, ұйымдастырушылық қабілетімен де көзге түсіп, өзінен кейінгі жас буынға үлгі бола білді. Соның арқасында тыл ардагерінің тынымсыз еңбегі ескерусіз қалмай, көмекші бұрғышы, бұрғышы, бұрғылау шебері, күрделі жұмыстар шебері қызметтерінде жүріп, «Құрмет белгісі» орденімен, еңбектегі ерлігі үшін «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», мұнайшылар мерекесінде «Құрметті еңбек ардагері» медалімен, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісімен марапатталды.

Ардагер жөнінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Есқабыл Жанаев:

- Рекең өмірлік жары Байболова Талайлымен бақытты өмір сүрді. Ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Арасында әке жолын қуып, өмірін мұнай саласына арнағаны да бар. Қаршадай кезінен еңбекке ерте араласқан ер 1942-1982 жылдары Оңтүстік Ембі мұнай барлау-бұрғылау экспедициясында 40 жыл үздіксіз еңбек етті. Соғыс жылдары мұнай өндірісін өркендетіп, одан кейінгі ауыр жылдарда да, тоқырау заманында да қажырлы еңбек етті,-дейді өз сөзінде.

Раушан Мамаев құрметті зейнеткерлікке қалғаннан кейін небәрі 56 жасында дүние салды. Тіршілігінде атақ-даңқ пен абырой-бедел аңсамаған ол қара бала болып дүниеге келіп, қарапайым қария қалпында өмірден өтті. Бүгінде оның ғибратты ғұмыры мен елге еткен еңбегі бір әулеттің ғана емес, бүтін бір өңірдің мұнай шежіресінде алтын әріптермен жазылып, ел жадында мәңгі қалуы тиіс.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT