Қағаз қалдығын кәдеге жаратқан – «Жайықмұнайгаз»

(0 Votes)

Таза Қазақстан республикалық бағдарламасы аясында «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бірқатар экологиялық бастамаларды іске қосқан,-деп хабарлайды «Нарын таңы» газеті.

Соның бірі – пайдаланылған қағаз қалдықтарын қайта өңдеуге жіберу арқылы табиғатқа жанашырлық танытуы.

Бұл жөнінде басқармадағы Қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Галя Бекешева бізбен болған әңгімесінде игі бастаманың мән-мазмұнын түсіндіре өтті.

– «Таза Қазақстан» бағдарламасына сай, біз басқармада жиналған пайдаланылған қағаздарды арнайы сұрыптап, «ECODAMU» ЖШС-не тапсырамыз. Жалпы тапсырылған қағаз көлемі – 2 тонна 1,75 келіні құрады. Бұл үшін бізге 43 мың теңге көлемінде қаражат түсті,-дейді ол.

Табыс тапқан қаржыны да басқарма экологиялық мақсатта тиімді пайдаланды. Атап айтқанда, 43 мың теңгеге 15 дана қағаз салуға арналған арнайы «ECODAMU» жәшіктері сатып алынды. Оның 7-еуі басқарма кеңсесіне, қалған 8-і цех учаскелеріне таратылған. Енді бұл жәшіктерге қызметкерлер қолданылған қағаз қалдықтарын тастап, қайта өңдеуге үлес қоса алады.

– Қағазды далаға лақтыру – табиғатқа тікелей зиян. Біз мұндай әрекетке жол бермей, оны қайта өңдеуге жіберіп отырмыз. Бұл игі бастама бұдан әрі де жалғасын табады,-дейді Галия Бекешова.

Сонымен қатар арнайы топ өкілдері болып, Жаңаталап кен орнының мұнайшылары тек өндірісте ғана емес, тазалықта да үлгі боларлық іс атқарып жүргеніне хабардармыз. Соның айғағы ретінде  бүгін кен орнының жұмысшылары өз жатақхана аумағында сенбілік ұйымдастырып, тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқанына куә болдық. Бұл игі шара «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында іске асты.

Аталған бағдарлама туралы кен орнының цех басшысы Азамат Қаукенов пікір білдіріп, тазалыққа деген көзқарастың жоғары деңгейде екенін атап өтті.

– Аталған бағдарлама бойынша әр бейсенбі сайын осындай тазалық жұмыстарын аулада тұрақты түрде жүргіземіз. Тек белгіленген күндермен шектеліп қалмаймыз, қажет болған жағдайда қосымша жұмыстарды да қолға аламыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, уақытылы талдар суарылып, түптері әктелді. Біз тек өндірістік жұмыстармен ғана шектеліп қалмай, мекеме аумағын, қоршаған ортаны таза ұстауға да аса мән береміз,- дейді цех басшысы.

Мұнайшылар бұл бастамасымен қоршаған ортаны қорғауға әркім өз жұмыс орнында да үлес қоса алатынын көрсетіп отыр. Экология – бәрімізге ортақ іс, ал оны қорғау – жауапты шешім мен нақты әрекетті талап ететін міндет.


Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT