Кәсіпкерлікке - кең өріс

(0 Votes)

Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі өз Жолдауында елімізде шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастағандығын айтып өтті. Одан бөлек, еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес, әрі оларға қолдау қажет екендігін жеткізген болатын.

 Жалпы, бүгінде ауданда кәсіпкерлік саласын дамыту негізі қалыптасып, жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында тиісті шаралар атқарылып келеді. Оған бизнес жобаларды мақсатты түрде игеріп, өз алдына дербес кәсіп ашуды қолға алған азаматтар қатарының күн санап артуы дәлел.

Мәселен, былтырғы Жолдауында Президентіміз жастарға 2,5 пайызбен несие алуға мүмкіндік жасаған болатын. Ағымдағы жылдың екінші жарты жылдығынан бастап аталған несие аудан жастарына да беріле бастады. Бүгінгі күні 6 адам 29 млн. 300 мың теңге көлемінде несие алып үлгерген.

Өзімді айтар болсам былтырғы жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы арқылы грант иегері атанып, аудан орталығынан балаларға арналған «Baidar» ойын-сауық орталығын ашқан болатынмын. Қарапайым мұғалім бола жүріп, кәсіпкерлік бағытқа бет бұрғаныма еш өкінбеймін. Бүгінде бастаған кәсібім оң нәтижесін беріп, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде кәсібімнің жемісін көрудемін.

Негізінде, кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық дамытудың кепілі. Сондықтан да кәсіпкерлік төңірегіндегі көптеген мәселелердің көтеріліп жатуы да оның экономикадағы рөлінің маңыздылығын көрсетеді. Осы ретте жас кәсіпкер ретінде аудандағы кәсіпкерліктің дамуы бүгінде сан қырынан көрініс тауып келетіндігін айтқым келеді. Әрі қарайда жаңа жобалар жалғасын тауып, жұмыс орындары ашылып, жұмыссыз жандар жұмыспен қамтылатын болса, кәсіпкерлік саласының дамуы арқылы елдің жағдайы да жақсара түспек. Себебі, өркениетті елдердің барлығы да өздерінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына арқа сүйейді.

Есімхан Табылдыұлы,

Мақат аудандық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT