Әйгілі машинист әні қалай шықты?

(0 Votes)

«Әндетіп келем, Жарысып желмен, Мінгенім тепловоз...» деп басталатын жеңіл ырғақты әнді кішкентайымнан естіп өстім. Әннің сөзі де құлағымда әлі күнге дейін сақталған. Өйткені, өткен ғасырдың 70-ші жылдары батыс өңірінде әсіресе Атырау, Мақат, Құлсары теміржолшылары арасында кеңінен тараған бұл ән менің отбасымның да әнұраны іспеттес.

Себебі теміржолшылар отбасында дүниеге келген мені бұл ән қуанышқа кернеп, өзімнің «теміржолшының» қызы деген атыма мадақ әкелетіндей сездіреді. «Әннің де естісі бар, есері бар демекші» бұл әннің шығуының өз тарихы бар. Өзім кішкентайымнан тыңдап өскен әннің тарихын зерттеп, ізденген болатынмын. Ел ауызында жүрген бұл әннің тарихы оқырмандарымызға да қызық болар деген ниетте, қолыма қалам алып отырмын.
Бұл ән мұнайлы Мақат өлкесінде дүниеге келгені баршамызға белгілі.
Әннің авторлары қарапайым теміржол саласының майталмандары. Сазгер Жұмажан Исмағұлов болса, сөзі Ескендір Кенжехановтікі. Өткен күнге зер салсақ, ән сонау 60-шы жылдардың аяғында жазылған. Әннің сазгері Жұмажан Исмағұлов 1968 жылы Мақат локомотив пайдалану деп осында жөндеуші - слесарь болып жұмысқа кіреді. Ал, арыстық ақын Ескендір Кенжеханов болса аталмыш депода машинст болып жұмыс атқарды. Уақыт өте келе Жұмажан машинист көмекшілігін оқып алып, Ескендірдің көмекшісі болады. Осы кезден бастап екі автордың таныстығы мен достығы басталады. Бірде мекемелер арасында көркемөнераздар байқауы ұйымдастырылып, темір тұлпарды тізгіндеген тепловоз машинистерінің ауызынан тастамайтын сүйікті ән жарық көреді. «Әлі есімде, 1969 жылдың жаймашуақ күзі, кезекті сапардамыз, жүйткіген тепловоз терезесінен қарап келеміз.
Мақатқа таяп қалдық. Ескендір манадан аузы күбірлеп әлдене жаттап отырғандай, алдағы байқауға бірдеңе ойластырып отырғанын сездім. Бір кезде маған қарап: «Менің бала кезден өлең жазатын азынаулақ әдетім болған, мына шумақтарым қалай? Сен осыған ән шығарсаң қатып кетеді, байқауда бәрінен озамыз» деп ыңылдап отырып айтып берген еді. Менің тек баян тартатыным болмаса, ән жазу деген ойымда жоқ нәрсе.
«Мен композитор емеспін ғой» деппін сасқанымнан. «Болмасаң – боласың, несі бар» деп күлді ол. Өлең сөзі жатық, айтуға жеңіл екен. Кейбір кедірбұдыр жерлерін екеулеп өңдеп, әнге айналдыруға ден қойдық. Бірнеше күн ойланып жүріп, құлағыма дүдік-дүдік, дүдікдүдік деген пойыз тарсылы ғана келе береді. Баянымды қолыма алып, біраз күн әурелендім. Әуен біресе ана әнге, біресе мына әнге ұқсап кететіндей»,- деп өткен күнді еске алды Жұмажан Исмағұлов. Ақыры осы ән туып, ол әріптестерінеде ұнайды.

b3f77525-ded8-46d2-81d4-45f9502a8b02
Айтқандай, сол жолы аудандық көркемөнерпаздар байқауында ұжым осы әнмен бірінші орын алып, облысқа жолдама алады. Жұмажан Исмағұлов пен Ескендір Кенжехановтың «Машинст» әнінен бөлек, тағы «Жайықтың жағасы» және «Жұлдызым» атты әндері жарық көрген. Үшеуіне де авторлық құқықтары бар. 1972 жылы Ескендір Кенжеханов туған жері Арысқа көшіп кетіп, екеуара шығармашылық байланыс үзіледі. Әрине, ол жылдары теміржолшы мамандығытаңсық, машинист – ең мәртебелі мамандық болып тұрған заманда жаппай айтылған, сәнге айналған ән болды.

А.ЖҰМАБЕРГЕНОВА

Фото ашық дерекөздерден алынды

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521