АСТАНА. KAZINFORM – Ресейдің Орынбор облысында, Жайық өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан «Ирикла» су қоймасының жұмысы қадағаланып отыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Kazinform агенттігінің сауалына жауабында айтылған.
— Қазақстан мен Ресейдің арасындағы келіссөздер негізінде су қоймаларын көктемгі тасқынға дейін босату жоспарларын анықтау және нақтылау мақсатында су тасқыны кезіндегі өзара іс-қимыл жөніндегі Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобы құрылды, — делінген хабарламада.
Екі елдің мамандары трансшекаралық су қоймалары туралы ақпарат алмасып отырады.
— Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобының су тасқыны кезеңіндегі әрекеттерін үйлестіру бойынша отырысы барысында тараптар трансшекаралық су қоймаларының орнатылған, нақты және жоспарланған жұмыс режимдері туралы ақпаратпен алмасады. Су қоймаларына келетін су ағынының болжамдарымен және трансшекаралық өзендердегі ең жоғары күтілетін су деңгейі болжамдары туралы да хабардар етеді, — дейді министрліктен.
Сондай-ақ мәліметте аталған топ су қоймаларының жұмыс режимдері, оның ішінде су қоймаларын көктемгі тасқынға дейін босату параметрлері бойынша ұсыныстарды әзірлейтіні айтылған.
Еске салсақ, былтыр елімізде алапат су тасқыны болды. Оның бір себебі күз айларында жауын-шашын көп түсіп, кейін күн күрт сууынан жердің тоң боп қатып қалуы саналды. Тоң көктемде судың жерге сіңуіне кедергі жасап, қызыл су жайылған.
Екінші бір себеп — сәуір айының басында Ирикла су қоймасынан секундына 1 600 текше метрге дейін су жіберілуі. Соның әсерінен Жайық суы арнасынан асып, тасыды.