ҚЫЗДАР АРАЛАСПАҒАН, МЕҢГЕРМЕГЕН МАМАНДЫҚ КЕМДЕ-КЕМ. ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАП, ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТА БІЛІМ АЛЫП, БҮГІНДЕ ЕҢБЕК ЕТІП ЖҮРГЕН ҚЫЗДАРДЫҢ БІРІ – ЖҰМАҒАЛИЕВА АЙЫМГҮЛ ЖАКСЫЛЫҚҚЫЗЫ. ОЛ 1987 ЖЫЛЫ 4 ШІЛДЕДЕ ИНДЕРБОР КЕНТІНДЕ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН. 2005 ЖЫЛЫ КУЛАГИНО ҰЛТТЫҚ ГИМНАЗИЯСЫН ТӘМАМДАЙДЫ. СОЛ ЖЫЛЫ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚАНЫШ СӘТБАЕВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНЕ АВТОМАТТАНДЫРУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ ФАКУЛЬТЕТІНЕ ОҚУҒА ТҮСЕДІ.
– Бұл мамандықты бала кезімнен армандадым деп айта алмаймын. Неге десеңіз, бала кезімде дәрігер болғым келді. Әкемнің екі апасы С.Асфендияров атындағы медицина университетін қызыл дипломмен бітірген, білікті дәрігерлер еді. Соларға қарап қызығатынмын. Биология пәнін тереңдетіп оқыдым, аудандық, облыстық олимпиадаға қатыстым, ғылыми жұмыс қорғадым. 10-11 сыныпта оқып жүргенімде «Медицинаға түсе аламын ба, ұлттық бірыңғай тестілеуден ұпай жинай аламын ба, грантқа түспесем ата-анаға қиындық түспей ме?» деген қорқыныш болды. Ол кезде ҰБТ Махамбет ауданында болатын. Ертең тест дегенде таңдау пәнімді физикаға ауыстырып, «техникалық мамандық көп қой» деген ой болды. Мектепті ерекше аттестатпен бітірдім. Төрт жоғары оқу орнына құжат тапсырып, нәтижесінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен грантқа оқуға түскенім жөнінде хабар алдым, сертификатым әлі де сандығымда сақтаулы. Әкем газ саласында жұмыс жасады. Үйге келгенде «газдың давлениесі түсіп кетті, машина аварияға кетіп қалды» деп айтып отыратын. Бірақ мен цехтың ішін көз алдыма елестете алмадым. Тағы бір айта кетерлігі, інім әкемнің жұмысы арқылы елімізден бөлек, өзге мемлекеттерге лагерьге баратын. Соған да қызықтым. Сөйтіп жүргенде әкемнің жұмыс орнынан «Абитуриенттерге тізім жасап, компания есебінен оқытамыз» деген хабар келді. Құжат тапсырдым. Содан «Конкурстан өттіңіз» деген хабар келді. Ауданнан мен, Бибігүл Акатова, Шынар Қайыржанова үшеуміз компанияның грантын ұтып, Алматы қаласына оқуға түстік. Компания 4 жыл стипендия, барлық шығындарды төледі, бір ғана шарт оқу бітіргеннен кейін компанияда 5 жыл еңбек етуім керек болды, - деп бастады әңгімесін ол.
2009 жылы маусым айында қолына дипломын алып, ауылға келіп, 2 қыркүйектен бастап Индер аудандық желілік-өндірістік басқармасына бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика жөніндегі төртінші разрядтағы слесарь болып жұмысқа орналасады. Басшылық тапсырған міндеттерді абыроймен атқарып, жауапкершілігімен, еңбексүйгіштігімен, тиянақтылығымен танылып, 2012 жылдың желтоқсан айынан бастап бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика жөніндегі инженер болып көтеріледі. Бүгінде осы компанияда орын ауыстырмастан еңбек еткеніне – 16 жыл.
Еңбек жолында атқарған жұмысында бірнеше марапатқа ие болған. Соның бірегейі – «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директоры Манас Тасыбаевтың Құрмет грамотасымен марапатталғаны. Оның қызметі – автоматтандырылған басқару жүйелері арқылы технологиялық процестердің жай-күйін, үздіксіз жұмыс істеуін, жүйедегі ақаулардың себептерін анықтап, оларды жою және алдын алу жұмыстарын қамтамасыз ету. Алғаш еңбек жолын бастағанда кейіпкеріміз теориялық білім мен тәжірибенің маңызы зор екеніне көз жеткізіпті.
– Газ айдау жүйесін автоматтандырылған басқару жүйесі арқылы үздіксіз жұмыс жасату – бұл айта қоятын ән емес, жаза қоятын өлең емес немесе қол күшімен күреп тастайтын топырақ емес, бұл дәлдікті, есептілікті, төзім мен шыдамдылықты қажет ететін жұмыс. Менің жұмысымда қателесіп кеттім, түзей қояйын деген болмайды. Сондықтан өз кәсібімді бір нысананы қателеспей дәлдікпен назарға алып отыратын сұрмерген тәрізді сезінемін. Жұмыс барысында қиындықтарға да тап болдым. Бірақ өзімнің жастық жігерім мен білімімнің арқасында көп нәрсеге қол жеткіздім. Теориялық білім мен іскерлік жұмыс тәжірибесінің арасындағы алшақтықты да көрдім, тәжірибе жинақтадым. Бізде әр қызметтің өз инженері бар. Мысалы, желілік пайдалану қызметінің инженері, энергетик инженері, ауысым инженері, жөндеу жөніндегі инженер секілді әртүрлі қызметке жауапты мамандар бар. Мен автоматтандырылған басқару жүйелері технологиялық проце- стер жөніндегі инженермін (АБЖТП инженер). Газ магистральдық құбырлармен ұзақ уақытқа тасымалдану үшін белгілі бір қысымда болуы қажет. Қысым төмендеген жағдайда газды алға итеру үшін компрессорлық стансалар пайдаланылады. Менің қызметім – газ ағындарын өлшеу және бақылау, газ жабдықтарын автоматтандыру, аспаптардың дәлдігін қамтамасыз ету, апаттық жағдайлардың алдын алу. Жүйеде болатын ақауларды болдырмау, жою, автоматиканың дұрыс жұмыс жасауын қамтамасыз етеміз. Компрессорлық станса ұзақ жылдан бері тұрғандықтан заманауи технологиялар әлі қолданысқа енбеді. Биылдан бастап стан- самыз жанданып, стансаны іске қосуға бастығымыз Сағат Ұлықпанұлымен бірге жұмыстанып жатырмыз. Газ туралы ақпаратты жинау және есепке алудың автоматтандырылған жүйесін диспетчерлеу жұмыстары жүруде. Бұл дегеніміз – газды тұтыну, тасымалдау немесе тарату процесінде арнайы құралдар арқылы мәліметтерді автоматты түрде жинап, оларды орталықтандырылған түрде бақылау және басқару жүйесі. Бұл жүйе арқылы біз газдың көлемін, қысымын, температурасын қашықтан көре аламыз, ақауларды жылдам анықтап, жедел әрекет ете аламыз. Нәтижесінде, газ жүйесінің қауіпсіздігі мен тиімділігі артады, – дейді ол.
Айымгүл Жұмағалиева «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Интер-газ Орталық Азия» АҚ Қазақстан бойынша «Кеш жарық» бағдарламасына қатысқан, одан бөлек, Атырау қаласында өткен «Жұмысшы мамандықтардағы әйелдердің табыс тарихы» облыстық конференциясына спикер ретінде қатысып, тәжірибесімен бөлісті.
– Ағымдағы жылы наурыз айында «Хабар» арнасының тапсырысы бойынша М.Беспаевтың жетекшілігімен өтетін «Кеш жарық» телебағдарламасына қатысушы болып барып келдім. Бұл да менің өмірімдегі ұмытылмас сәттер. Осының бәріне өзім таңдаған мамандығымның арқасында қол жеткіздім. Әр адам өз мамандығын жүрегімен жақсы көріп, өз ісін сүйіп жасаса, барлығына үлгеріп, алар асуы, шығар шыңы, бағындырар белесі көп болатынына сенемін, – дейді ол.
Иә, қалаған мамандығы техникалық жұмысшы мамандығы бола тұра ол руханияттан да алыс емес. Қазақтың поэзиясын, прозасын жалықпай оқиды екен. Техникалық мамандықпен өмірін өрнектеген Айымгүл Жақсылыққызы – бүгінде адал жар, келін, «Күміс алқа» иегері.
2007 жылы Фархад Ғибратұлына тұрмысқа шығып, бүгінде алты баланы тәрбиелеп отыр. Отау құрғанына 18 жыл, үлкені Диана Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы университетте студент, Муслим, Кәусар, Исмаил, Фатима Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің оқушылары болса, кенжесі Хатиджа «Айналайын» балабақшасының тәрбиеленушісі. Айымгүлден кейін сіңлісі мен інісі бар. Әкесі Жақсылық Жұмағалиев 2000 жылдардан бері газ саласында жүк тиеуші, технологиялық компрессорлар машинисі болып еңбек етіп, биыл зейнеткерлікке шыққан. Анасы Хайша Қосмағамбетова есепші болып еңбек еткен. Бүгінде зейнеткер. Сіңлісі Жанаргүл Атырау қаласында тұрмыста, мамандығы есепші. Ал інісі Ерген де Индер желілік-өндірістік басқармасында слесарь болып еңбек етеді.
– Осылай жетістікке жетіп, қиындықсыз жұмыс жасауыма қолдау көрсетіп отырған ата-ана, бауырларыма, жолдасыма, ата- енеме алғысым шексіз. Қызметте өсуіме атам Ғибрат Махметовтің қолдауы ерекше болды. Неге десеңіз, атам да газ саласында ұзақ жыл еңбек еткен. Себебі, «отырма, оқы, біліміңді арттыр, дамы, қызметті жоғарылату керек» деп айтып отыратын. Балаларымды ата-енем алып қалып, мені жолымнан қалдырмай Шымкент, Астана, Алматы қаласында өтетін біліктілікті арттыру курстарына жіберді. Мұның барлығы – әйел адам үшін үлкен қолдау, – деген Айымгүл Жақсылыққызы жастар білім алып, еңбек етуден талмаса, қай мамандықты да игеріп, өз ісінің білгірі болады деп есептейді.
Қоғамның айнымас бөлшегі, экономиканың негізгі тірегі де осы мамандық иелері. Техникалық мамандықтағы кәсіп иелерінің қоғамға қосар үлесі зор. Әрине, солардың қатарында біздің кейіпкеріміз Айымгүл Жақсылыққызының бар екені – біз үшін үлкен мақтаныш.
Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ