Бүгін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Зейін Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығының 6 жылдығына арналған «Инклюзия – бұл бірлескен жауапкершілік» атты облыстық форум өтті. Іс-шараны Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен «Зейін Атырау» орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
Форумның басты мақсаты – инклюзивті білім берудің қоғамдағы маңыздылығын арттыру, ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс жасайтын мамандардың кәсіби құзыреттілігін дамыту және тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру болды.
Форумға Атырау қаласындағы жалпы білім беретін орта мектептердің психологтары, логопедтері, педагог-ассистент мамандары, сондай-ақ инклюзивті білім беру саласында еңбек етіп жүрген сарапшылар мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
«Зейін Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығының директоры Әнуар Бегісбаев форум қатысушыларына арнаған сөзінде инклюзивті қоғам қалыптастыру – баршаның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті:
– Инклюзия – бұл қоғам мәдениетінің көрсеткіші. Бүгінгі форум – тек кәсіби тәжірибе алмасу емес, сонымен қатар әр маманның жүрегіндегі жауапкершілік сезімін күшейтетін алаң. Алты жыл ішінде “Зейін Атырау” орталығы жүздеген баланың өміріне үміт пен сенім сыйлады. Біз үшін әр бала – ерекше әлем. Сол әлемге жол ашу – тек мамандардың ғана емес, ата-аналардың, мектептердің және тұтас қоғамның ортақ міндеті. Университетпен, білім бөлімдерімен және басқа серіктестермен бірлескен жобаларымыздың мақсаты – инклюзияны тек ұғым емес, өмір салтына айналдыру. Алдымызда әлі де үлкен міндеттер тұр. Бірақ біз бірлесе жұмыс істесек, әрбір баланың болашағы жарқын болатынына сенемін, – деді ол.
Форум барысында қатысушылар ерекше балалармен жұмыс істеудің тиімді тәсілдері, ата-анамен серіктестік орнату, педагогикалық сүйемелдеу және халықаралық тәжірибелерді енгізу мәселелерін талқылады.
Іс-шара соңында мамандар өңірде инклюзивті білім беруді дамыту бағыттарын айқындап, алдағы уақытта бірлескен жобаларды жалғастыруға ниет білдірді.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген автор