ИНДЕРЛІК СТУДЕНТТЕР ӨНДІРІСТІК ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТУДЕ

ИНДЕРЛІК СТУДЕНТТЕР ӨНДІРІСТІК ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТУДЕ
(0 Votes)

Оқып жатқан мамандықты еңбекпен ұштастырғанда ғана оның пайдасы зор болары сөзсіз. Бүгінде Индер көпбейінді ауыл шаруашылығы колледжінің студенттері алған білімдерін тәжірибемен ұштастырып, өндірістік ортада өздерін сынап жүр.

Колледж директорының өндірістік-оқу ісі жөніндегі орынбасары Асылбек Мұстафаның айтуынша, дәнекерлеу ісі, ауыл шаруашылығын механикаландыру, есептеу техникасы және ақпараттық желілер, электр жабдықтары мамандықтары бойынша 57 студент 16 мекемеде өндірістік тәжірибеден өтуде. Бұл мекемелердің басым бөлігі – ауыл шаруашылығымен айналысатын ұжымдар.

– Біздің «Весна» шаруа қожалығы көп жылдан бері «Алғабас-Жорық» каналының бойынан жер алып, егін шаруашылығымен айналысамыз. Шаруашылық үшін еңбек күші ауадай қажет. Сондықтан жергілікті колледжбен әріптестік байланыс орнатып, студенттердің тәжірибеден өтулеріне жағдай жасап келеміз. Биыл «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша білім алып жатқан 14 студент шаруашылықта өндірістік тәжірибеден өтуде. Тәлімгерлер өз істеріне мұқият, тапсырылған жұмыстарға жауапкершілікпен қарайды, – дейді қожалық жетекшісі Илья Матвеев.

Студенттер де өздеріне берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, маман ретінде қалыптасу жолында еңбек етіп жүр.

– Маман иесі атануымызға барлық жағдай жасап отырған колледж ұжымына және өндірістік тәжірибеден өтіп жатқан «Ертөстік» шаруа қожалығына ризашылығымды білдіремін. Қожалық мүшелері бізге бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибелерін үйретуде, – дейді студент Шайдолла Сатай.

Өндірістік тәжірибе қыркүйек пен қараша айлары аралығында жалғасады.

Бұл бастама Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясындағы маңызды қадамдардың бірі. Өйткені елімізге еңбек нарығында сұранысқа ие дәнекерлеуші, механизатор, электрші, IT-техниктер секілді білікті жұмысшы кадрлар ауадай қажет. Колледж түлектерінің тәжірибеден өтуі – олардың кәсіби машығын шыңдап қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласына тың серпін берері сөзсіз.

С.ЕРСАЙЫНҰЛЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT