Аудан бойынша барлығы 7 ауылдық округте ұзындығы 17 850 метр қорғаныс бөгеттері бар. Негізінен қауіпті аймаққа Жарсуат және Құрылыс елді мекендері кіреді, бөгеттердің 10 500 метрі осы аумақта орналасқан. Сондықтан осы маңдағы бөгеттерді биіктету жұмыстары қарқынды жүруде. Бөгеттердің биіктігі қауіпті аймақтарында 4-4,5 метрге дейін биіктетіліп, жалпақ қылып жасалуда. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Аудан әкімі Дарын Шамұратов қауіпті аймақтағы елді мекендердегі бөгеттерді биіктету, жаға нығайту, құм толы қапшықтармен бекіту жұмыстарын пысықтап шықты.
-Аудан басшысы ауыл үлкендері және тиісті сала мамандарымен бірге аталған ауылға қарасты 5,6 км болатын дамбаның бойын аралап, қауіп төніп тұрған тұстарын анықтады. Қазіргі таңда Жарсуат ауылының 4,6 км бөгеттің 2,1 км-де арнайы техникалар арқылы бөгеттерді көтеру, ал Құрылыс ауылында кезінде ағынды судың әсерінен пайда болған үлкен жыраны бітеп, енді бөгет биіктету жұмыстарына кірісті. Қалған ауылдық округтерде де су тасқынына дайындық жұмыстары күшейтілген режимде жүріп жатыр. Барлық учаскелер арнайы техникалар мен кажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. 5 сәуір күнгі жағдайымен Жайық өзенінің деңгейі 2,55 метр. Әзірге ауданда ахуал тұрақты, - деді аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Әли Жайшылық.
Қазіргі таңда аудан бойынша аталған жұмыстарға 49 арнайы техника жұмылдырылса, алдағы уақытта қосымша 19 техника тартылмақ.
Сонымен қатар, қапшыққа құм толтыру жұмыстарына аудандық ТЖД-нің жеке құрамы, ауылдық округтердегі мекеме қызметкерлері мен еріктілер, жалпы саны 300-ден астам адам жұмылдырылуда. Бүгінгі күні жалпы адам күшімен 30 мыңға жуық құм толы қап дайындалды.