Геолог ықшам ауданында 12 гектар аумаққа ағаш отырғызылады

(0 Votes)

«Тенгизшевройл» (ТШО) компаниясы Атырау облысындағы аумақтарды көгалдандыруға бағытталған экологиялық жобасын жалғастырып жатыр.

2021 жылдан бастап облыс әкімдігімен өзара түсіністік туралы алты жылдық меморандум аясында 12 000-нан астам ағаш отырғызылды. Жұмыстар жалғасуда, ал 2025 жылы жобаның жаңа кезеңі басталды — Атырау қаласындағы Геолог ықшам ауданын 11,7 гектар аумақта көгалдандыру қолға алынды.

Жоба 2021 жылғы 31 наурызда басталды және Атырау қаласы мен Жылыой ауданындағы 644 гектардан астам аумақты қамтиды. Игі бастаманың мақсаты — қоршаған ортаны жақсарту ғана емес, сондай-ақ тұрғындар үшін жайлы әрі жасыл қалалық орта қалыптастыру.

Бағдарлама аясында ерекше назар Жылыой ауданының әкімшілік орталығы — Құлсары қаласына аударылған. 2022 жылы мұнда 15 гектар жерде 9 030 көшет отырғызылды. Кейінгі жылдары ағаштарға күтім жасау жұмыстары белсенді түрде жүргізілді. 2024 жылғы көктемгі су тасқынына қарамастан, жоба жалғасын тапты: сол жылы 4,6 гектар жерге тағы 2 796 көшет егілді.

2025 жылы ТШО Геолог ықшам ауданындағы 11,7 гектар және Майкөмген, Шоқпартогай, Жаңа Қаратон ауылдық округтеріндегі 6 гектар жерді көгалдандыруға тендер өткізді. Байқау жеңімпазы анықталып, мердігер ұйым жұмыстарға кірісті.

ТШО үшін көгалдандыру — бұл жай ғана әлеуметтік міндет емес, өңірдің болашағына деген қамқорлық пен орнықты дамуға қосқан үлес. Компания қоршаған ортаны қорғау бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, өндірістік даму мен экологиялық тепе-теңдікті сақтауға күш салып келеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT