Мұнайлы ауданның рухани айнасы – «Мақат тынысы» қоғамдық-саяси газетінің жарық көргеніне 20 жылға жуық уақыт болды. Газеттің алғашқы нөмірінің жарық көруі, оны бас редакторы Гүлзада Есмырзақызының шапқылап жүріп шығарып, байғазы санын тегін таратқан күніне дейін әлі есімде...
Міне, 1000-шы нөмірі жарыққа шығып отырған газеттің бағыты айқын, абыройы асқақ, бүгінде ауданның тарихын қаттап отырған басылымның болашағы зор деп есепейміз.
Кейін, 2004 жылдың 24 маусымында мен де осы газетке қызметке келдім. Ол кезде редакцияның материалдық-техникалық базасы толыспаған, газет дайындайтын компьютерден басқа техникалық құралға тапшылық бар кезең. Тілшілер ойларын қаламмен ақ қағазға төгетін.
Бас редактордың тапсырмасымен қызметке кіріскенде алғашқы мақалаларым газеттің 151-ші санына жарық көрген еді. Әр тақырыбы А4 парақша көлемімен 4-5 беттен тұратын қолжазбамды әкеп тапсырдым. Өңірлік өзектілігі бар көлемді материалдарымды оқып, тексеріп шыққан редактор: «сенің материалдарыңның бәрі пайдаға асты, жақсы жазылған» -деп баға беріп, бірден қанаттандырып жіберді. Басшымыздың талапшылдығы сол, бір материалға жұмсамас бұрын әрбір тілшіні шақырып алып, материалда не айтылуы керек, неге көбірек көңіл бөлу керек, оқиғаның өзегін кімнен білуге болады дегендей бағыт беріп, көтеретін мәселе болсын, тақырыптық мақала болсын тетігін айқындап, жолға салатыны бізді ширатып тастайтын. Тіпті, сол жерде материал жазылып қалғандай болады. Себебі, жазуға барлық дерек табылып тұрғандай, жеңіл еді. Осылайша тәрбиеленіп, кәнігі маман болып шыққан мен үшін Гүлзада – ұстаз, «Мақат тынысы» - тәрбие мектебі дер едім. Табандаған 15 жыл осы газетте тапжылмай еңбек еткенімді бүгінде мақтан тұтам. Өйткені, журналистік еңбек жолым осы газеттен бастау алып, өзіндік оқырманымды қалыптастырдым. Азды-көпті конкурстарда да жүлделі орындарға ие болып, мерейленген сәтім де - «Мақат тынысындағы» еңбегімнің бағасы.
Мен еңбек еткен жылдарда газеттің 5,10 жылдық дөңгелек сандарда жеткен жетістіктерін саралап, атап өттік. Оқырман көзқарасы мен газет беделінің артып отырғанын бағамдап, шығармашылық ұжымның шалқар шабытымен ізденісі де еселене түсті. Газет қызметкерлерінің тарихы да Гүлзада Саликова мен Жаннагүл Құлыншақовадан басталғанын әңгіме еткен кезде әріптестеріміз «Біздің ардагерлеріміз» - деп әзілдеп жүреміз. Өйткені, газет ашылғанда құрылтайшы жергілікті әкімдік бекіткен бірліктер басшы мен есепшінің штаты болса керек-ті.
Газетте сонымен қатар, бүгінде о дүниелік болған ағаларымыз Жәнібек Аманғали, Амангелді Жылқышиев сынды қарымды қаламгерлер де осы газетте қолтаңбасын қалдырды. Осы жылдар ішінде Арал Байжігітов, Асантемір Қаршығаұлы, Алмас Қабдолов, Нұрбейбіт Нұғыманов, Диас Тарасұлы, т.б. тілшілер «Гүлзаданың мектебінен» дәріс алып, әбден жазуға төселіп шыққанына куәміз.
Өңірлік баспасөз тарихында ең жас басылым саналып келетін қоғамдық-саяси бағыттағы «Мақат тынысының» өзіндік ұстанымы, газет тілшілері қалыптастырған мақсат – мүддесі айқын. Үзеңгілес басылымдарға қарағанда жастардан құрылған ұжымның креативтік көзқарасы газет беделін жоғары ұстайтынына оқырманы зор сенім артады. Мұны медиа-холдингке қарасты басылымдар арасындағы конкурстардан әр жылдарда әріптестерінен оза шауып алған байрақтары, жекелеген тілшілердің жүлделері дәлелдей түседі. Заман талабы әлеуметтік желіге жүгінген тұста да газет өміршеңдігін жоймай, өзіндік бағыт-бағдарын нық ұстап келеді. Алдағы уақытта да аудан айнасының абырой биігінен көрінетініне сенім мол. Әріптестеріме рухани кемелденіп, мерейлі жетістік межесін бағындыруларына тілектеспін.
Лена НҰРБАЕВА